• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Желтоқсан, 2021

ШҚО-да жыл басынан бері 4 «бомба» қойылған

326 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының аумағында жарылғыш құрылғы қойылғандығы туралы хабарламаның 4 фактісі тіркелген. Олар тексеру барысында жалған болып шықты, деп жазады Egemen.kz.

Тек осы жылдың қараша айында полиция қызметкерлері басқа арнайы қызметтермен бірлесіп, екі жалған шақыртуды тексерді.

17 қарашада Өскемен қаласы ПБ 102 жедел арнасына қаланың 50 жастағы тұрғыны хабарласып, террорлық әрекет туралы хабарлаған. Бірақ, оқиға орнынан ештеңе таппаған.

Хабарласқан азамат әзілдеп, полицияға телефон соққаны белгілі болды. Бірнеше күннен кейін тағы да 46 жастағы қала тұрғыны Лихарев көшесіндегі үйдің кіреберістерінің бірінде жарылғыш зат салынғанын хабарлады. Тексеру кезінде бұл ақпарат расталмады. Тергеу барысында анықталғандай, бұл екі адам қоңырау шалған сәтте мас күйде болған екен.

Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  438-бабына сәйкес (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Әр құқық бұзушыға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Бұдан басқа, осы баптың санкциясымен бұзушылықты қайта жасаса, 60 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Ал кәмелетке толмаған азамат осы бұзушылықты жасаған жағдайда, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл ата-анасына тағайындалады.

ШҚО Полиция департаменті қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.