ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық сауда-экономикалық миссияның Ауғанстанға барған делегациясын басқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстаннан барған бір топ делегацияның құрамында сауда және интеграция министрлігі қызметкерлері, экспортты ілгерілету жөніндегі операторлар, QazTrade компаниясы және бірқатар отандық экспорттаушы компанияның өкілдері бар.
Сапар барысында министр Ауғанстанның премьер-министрінің орынбасары Абдулла Салам Ханафимен, сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, сондай-ақ аталған елдің сауда және өнеркәсіп министрі М.А. Нуриддин Азизимен келіссөздер өткізді.
Бақыт Сұлтанов өз кезегінде ауған әкімшілігінің өкілдеріне Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі күш-жігеріне толық қолдау көрсетіп, белсенді қатысып отырғанын жеткізді.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алды. «Біздің еліміз, көптеген халықаралық әріптестер сияқты, ауғанаралық қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталды және елді жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру уақыты келді деп үміттенеміз», деді Б. Сұлтанов.