Қызылордада Сыр сүлейлерінің жолын жалғаған жыр жампозы Көшеней Рүстембекұлының туғанына 75 жыл толуына арналған «Жүрегі жауһар жампозым» атты этно-қойылым концерт өтті. Өлмес өнердің отын жаққан жырау рухына құрмет танытқан кеш Қармақшы ауданы әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көшеней жыраудың әкесі Рүстембек, атасы Жиенбай, арғы атасы Дүзбенбеттер бағзы өнердің байрағын ұрпағына аманаттаған жандар. Жалғанның жарығында жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен Көшеней осы бабалар мұрасын ғылыми айналымға енгізіп, жыраулық дәстүрдің қазіргі сахналық келбетін қалыптастырып кетті. Сонау тұқияннан тамыр тартқан өнердің шоқтығы биік өкілі саналған Көшенейді түркі тектес халықтар ғалымдары да жоғары бағалаған.
Жыраудың бала кезінен бастап, ат жалын тартып мінер шағына дейінгі өмірінің үзігін бейнелейтін қойылымнан кейін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жиылған көрерменге лебізін жеткізді.
– Жыраулық өнерге өзгеше өрнек қосқан Көшеней Рүстембеков есімі қазақпен бірге жасай беретіні, ұрпақ алмасқан сайын жаңғыра түсетіні анық. Ата мұрасын жаңа белеске көтерген жырау өмірі кейінгі толқынға өлмес өнегеге, өзі тарихи тұлғаға айналғанын білеміз. Осыдан аз уақыт бұрын «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыр фестивалі өтті. Ал Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі 15 жылдың ішінде дәстүрлі жырдың отын жаққан талай дарынды жасты тәрбиелеп шығарып, өнер көшіне қосты, – деді мәслихат хатшысы.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі жыршы Берік Саймағанбетов жүргізген кеште Көшенейдің інісі Бидас Рүстембеков, баласы Арнұр Көшеней және елімізге белгілі жыршы-жыраулар Ұлжан Байбосынова, Шолпан Биімбетова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Айдос Рахметовтер көпшілікке жырдың інжу-маржанын тарту етті. Көнеден бүгінге жеткен өнер керуеніне жаңадан қосылған жас талап өнерпаздар да көп алдына шықты.
Жырсүйер қауым рухани нәр алған кеш Сырдағы сүлейлер сарынының жоғалмайтынын, тәлімі тозбайтынын көрсетті.