Сыбайлас жемқорлық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 22 жылға сотталған Корея Республикасының бұрынғы президенті Пак Кын Хеге рақымшылық жасалды.
Жаңа жыл қарсаңында Корея үкіметі рақымшылыққа ілінген азаматтар тізімін хабарлады. Бұл тізімде 69 жастағы Пак Кын Хе де бар. БАҚ-тың жазуынша, бұл шешім оның денсаулық жағдайын ескере отырып, гуманитарлық себептермен қабылданған.
Пак Кын Хе 2019 жылы иығына ота жасатқан, ал биыл иық пен омыртқа созылмалы ауруы себебімен үш рет ауруханаға түскен. Экс-президентке қатысты саяси жанжал 2016 жылдың қазан айында басталған. Жанжалға қатысты тергеу нәтижесінде оның құрбысы Чхве Сун Силь бірнеше жыл бойы үкімет жұмысынан хабардар болып, саяси шешімдер қабылдауға араласқаны анықталған. Одан бөлек экс-президент құрбысы бірқатар компанияға қысым көрсетіп, өзінің қорларына ондаған миллион доллар аударуға мәжбүрлеген.
Сыбайлас жемқорлық фактілері және Чхве Сун Сильдің мемлекеттік қызметке заңсыз қатысу әрекеттері анықталғаннан кейін бүкіл елде наразылық акциялары өтіп, оған қатысушылар Пак Кын Хенің дереу отставкаға кетуін талап етті. Парламент Пак Кын Хені қызметінен кетіру туралы шешім қабылдап, кейін ол қамауға алынды.