• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Желтоқсан, 2021

Ұлы тұлғалар рухы ұлықталды

4407 рет
көрсетілді

Қазақ тарихында Төле би, Қазы­бек би және Әйтеке би сияқты тұлғалардың өнегелі өмі­­рі, ел үшін еткен еңбегі ерен. Ту­ра­лықтың, әділдіктің жаршысы ретінде де белгілі.

Ел басына ауыртпалық түс­кен кезеңдерде де ұлттың үш бәйтерегі халық­қа қорған бола білді. Ұлы тұлға­ларды ұлықтау мақсатында ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай, Тараз қаласында үш бидің ес­керткіші ашылды. Алып ес­керт­­кіш Жамбыл облыстық со­ты ғима­ратының алдында орна­ласқан.

Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сот саласының арда­герлері мен облыстық сот төр­ағасы Ербол Ахметжанов қа­тысты. Жиында Ербол Ахмет­жанов пен ардагер Мұсабек Тұрғанбекұлы ең күрделі кезеңде қазақтарды біріктіруде шешуші рөл атқарып, елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы билердің өнегелі өмір жолына тоқталды. «Қазақ билерінің əділ сот ісін дамытуға жəне нығайту­ға қосқан үлесі өлшеу­сіз. Төле би, Қазыбек би, Әйте­ке бидің қазақ халқы­ның қа­лыптасуы­на өлшеусіз үлес қосқанын, ең­бек­терінің сот төрелігімен ты­ғыз байланысты болғанын атап өткеніміз абзал. Ескерткіш дана­лық пен әділдіктің нышаны», деді Мұсабек Тұрғанбекұлы. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев әр за­манның өзіне сай сот жүйесі болғанын, кезіндегі Билер кеңесі соның айғағы екендігін, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би есімдері қазақ мемлекеттілігі мен қазақ сот төрелігі негізімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Бұдан кейін келушілер үш бидің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.

Көне шаһарда бой көтер­ген жаңа ескерткіш бетон­нан құйы­лып, мәрмәр тұғыр­ға орнатыл­ған. Монумент авторы – танымал мү­сінші Темірхан Қолжігіт. Ес­керт­­кіш­тің биіктігі 3,50 метрді құ­рай­ды.

 

Жамбыл облысы