Атырауда полицейлер 70 келіге жуық бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған екі адамды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, бағалы балық «Бекіре-2021» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде тәркіленген.
«Полиция қызметкерлері 21 желтоқсанда «Ақтөбе-Астрахань» тас жолы бойында тексеру жүргізіп, ер адамның көлігінен полиэтилен пакетіне салынған 23 дана бекіре тұқымдас балық табылды. Бағалы балықтар «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылды. Балықтың салмағы 67 келі 600 грамды құрап, сәйкес құжаттар жасақталды. Қазір бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдаған көлік жүргізушісі мен жолаушысына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабының 2-бөлігі, 5-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», дейді Қамза Үмбетқалиев.