Ертең, 29 желтоқсанда, 28 қазан мен 28 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған зейнеткерлер арасында Қазақстан санаторийлеріне жолдамалардың ұтыс ойыны өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вакциналанған зейнеткерлер арасында санаторийге жолдамалардың ұтыс ойыны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) ресми парақшаларында ертең, 29 желтоқсан күні сағат 17.00-де тікелей эфирде өтеді. Екпе алған зейнеткерлер арасында Сарыағаш (Түркістан облысы), Оқжетпес (Ақмола облысы), Мойылды (Павлодар облысы) шипажайларына тегін жолдамалар ойнатылады.
Ұтыс ойынына 28 қазан мен 28 желтоқсан аралығында елорданың кез келген вакцинация пунктінде вакцинаның бірінші компонентін алған зейнеткерлер қатыса алады.
Байқау әдеттегідей автоматты режимде өткізіледі. Азаматтарға құжаттарды толтырудың және тіркеуден өтудің қажеті жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинацияланғандардың арасында Мальдивке екі адамға жолдама және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Birge платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған, ол жүлде иелерін вакцинацияланғандардың ID генерациясы арқылы таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Вакциналанғандар бойынша сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген.
Бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындары азаматтарды вакцинациялауға ынталандыру мақсатында өткізіледі. Тек вакцинация сіздің және жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Өйткені, басты мақсат - ұжымдық иммунитетті дамыту және бұрынғы карантинге дейінгі режимге оралу.