• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Желтоқсан, 2021

Үйірменің үйретері көп

1741 рет
көрсетілді

Осыдан он-жиырма жыл бұрын үйірме таппай сабылған жасөспірім көп-тұғын. Әсіресе ауылдық жерде. Ал бүгінде әр баланың ыңғайына қарай үйірменің түрі көп.

Олардың 86 түрі білім беру жүйесінде болса, 27 үйірме мәдениет пен спортқа бағытталған. Үйірмеге, секцияларға 176 660 бала қатысады. Мамандардың айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарында және жалпы білім беретін мектептерде шығармашылық үйірмелердің, спорт секциялардың саны артып келеді.

Есеп-қисапқа жүгінсек, Шығыс Қазақстан облысында 4-17 жас аралығындағы 250 117 бала бар. 2021 жылдың басынан мәдениет саласы бо­йынша тегін негізде 11 623 баланы қамтитын 739 үйірме жұмыс істейді. 2021 жылғы 1 мамырдан бастап кейбір заңнамалық актілерде мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енді. Сонымен қатар мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды іске асыруға бағытталған тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.

Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша қаржыландыру жобасы 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жас­өспі­рім­дердің шығармашылық әлеуетін дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағ­дай жасауға бағытталғаны белгілі. Биыл Шы­ғыс Қазақстан облысының мәдениет бас­қар­масына мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 125,2 млн теңге қаражат бөлінді.

Биылдың соңғы мәліметіне сүйенсек, artsport.edu.kz платформасында жеке ұйым­дардан 551 өтінім тіркеліп, операторлар шы­ғармашылық үйірмелердің 33 түрі бойынша 146 өтінімді мақұлдады. Іске қосылған ваучерлердің саны – 5 552. Олар өз жұмыстарын жоспар бойынша дөңгелетіп отыр. Көрсетілген қызмет актілеріне, сабаққа қатысуды есепке алу табеліне, электрондық есепшот деректеріне сәйкес үйірмелерге қатысатындар саны 4 563 баланы құрайды. Жалпы алғанда, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы іске қосылғалы облыс бойынша мәдениет саласында 16 186 адамды қамтитын 885 үйірме тегін жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, ұлттық, заманауи билер, хореографиялық ансамбль, визаж, грим, балет, шешендік өнер, актерлік өнер, сурет салу, қағазбен модельдеу-оригами, домбыра, көркем оқу, эстрадалық вокал, клавишалық аспаптар, гитарамен ән айту, халық әні, соқпалы аспаптар, бал билері, ағаш ою, керамика және мүсін, поэзия-проза, пішу және тігу, халық аспаптары, сахналық сөйлеу сынды үйірмелер жүзеге асып жатыр.

– Бұл бір тиімді жоба болды. Үйірменің үйретері көп. Өнерге, спортқа икемі бар балалар үшін ғана емес, жалпы жасөспірімдер үшін өте тиімді. «Бұлақ көріп көзін ашатын» біздей ұстаздарға да шабыт сыйлағандай көрінеді. Ең бастысы, ата-ананың қалтасына салмақ түспейді, – дейді Өскеменде бейнелеу өнерінен үйірме ашып отырған кәсіби суретші Құдаш Нұрсадықов.

Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде 4 386 үйірме жұмыс істесе, қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер саны – 717. Бұған қоса 2021 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыстың нормативтік қаржыландыру бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 287,9 млн теңге бөлінді. Осы кезеңде жеткізушілер спорттың 23 түрі бойынша 136 өтінім берді. Тізер болсақ, пауэрлифтинг, спорттық гимнастика, спорттық би, мәнерлеп сырғанау, классикалық волейбол, дзюдо, шаңғы жарысы, көркем гимнастика, жүзу, таэквондо, шахмат, футбол, бокс, шағын-футбол, үстел теннисі, каратэ, еркін күрес, қазақ күресі, бас­кетбол сынды спорт түрлері. Оның ішінде 85 өтінімді комиссия мақұлдап, барлығы 5 376 ваучерге берілді. Оның 5 261-і іске қосылып, 292 секция ашылды. Ал облыстың жалпы білім беретін мектептерінде бұқаралық спорт түрлері бойынша қосымша 1 268 тегін спорт секциялары ашылды. Қазіргі уақытта облыста спорттың әртүрі бойынша 6 669 тегін спорт секциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы білім беру мекемелерінде 4 190 спорт секциясы, спорт мектептерінде 2 479 спорт бөлімшесі бар. Соған қарай спортқа қызығушылық танытқан жастардың саны да артты. Қосымша спорт секцияларын ашуға 2021 жылы жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінсе, дене шынықтыру мұғалімдеріне республикалық бюджеттен 552 млн теңге бөлініп, спорт секцияларын жүргізгені үшін қосымша еңбекақы төлеу көзделген. Мұндай ауқымды жобаның жүзеге асып жатқанына ата-аналар да қуанышты.

– Президент Жолдауында балалардың үйірмесіне мән беру керектігі жөнінде айтқаны жақсы есте қалыпты. Міне, жүзеге асып жатыр. Ұлым күреске барып жүр. Тегін. Аз уақыттың ішінде ширап, шынығып қалды, – дейді Айнұр Мұқышева есімді ата-ана.

Жоғарыда атап өткендей, қосымша білім беру ұйымдары да кеңейіп, оқушылар үшін жаңа білім көкжиегі ашылып жатыр. Мәселен, Өс­кемендегі «Жас техниктер стансасы» базасында 2020 жылы 785 оқушыны қамтитын «Зерек» креативті білім беру орталығы ашылды. Қа­зіргі уақытта Орталықта 3D принтерлермен жаб­дықталған 3D зертхана, STEAM зертхана, ком­пьютерлік графика, нано және нейротехно­ло­гияларды қолдана отырып, ARDUINO роботтарымен роботтехника кабинеті жұмыс істейді. Одан бөлек, қаладағы «Семей: ғылыми-прак­ти­калық білім және туризм орталығы» КММ жал­пы саны 402 оқушыға қосымша білім береді.

Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту­ға орналастыру қағидаларын бекіту туралы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығын іске асыру мақ­сатында, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту үшін білім беру жүйесінде 5 200 орынға мемлекеттік білім беру тапсы­рысын орналастыруды жоспарлап отыр. Бар­лығы үйірменің 24 түрі бойынша 348 жаңа үйірме ашылады. Ол көркем-эстетикалық, сәндік-қолданбалы, ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, экология-биологиялық және спорттық бағыттарға бөлінеді. Әр үйірмеге жұм­салатын шығынды ескере отырып, 2022 жы­лы 650 млн теңге бөлу жоспарланған.

Сараптап, саралап қарасақ, мемлекет халық­тың болашағы үшін аз шаруа атқарып жатқан жоқ. Тек жергілікті жерде соңын жіңішкертіп ал­май жүзеге асырса болғаны. Үйретері көп үйірмелер көптеп ашылып жатса да, артықтық етпейді. «Білсем, көрсем, үйренсем» деп жүрген жас көп.