• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Желтоқсан, 2021

Боричтің саясаты үшін талас

150 рет
көрсетілді

МЕХИКО. Чили талайдан бері Латын Америкасындағы топ бастайтын ел саналып келді. Енді, өткен жексенбіде чилиліктер студенттердің көшбасшысы болған, 35 жастағы солшыл Габриэль Боричті президент етіп сайлады. Осы орайда Латын Америкасының қалған бөлігі осы оқиғаны мұқият бақылап, мынаны білгісі келді: Бұл қадам Чилиге және басқаларға қалай әсер етеді?

Біріншіден, нәтиженің өзін мұқият қарастырған жөн. Шамамен 56 па­йыз да­уыс жинаған Борич басқа қар­сы­­ластарынан он пайызға артық қол­дау­ға ие болып, жеңіске жетті. Чили­де­гі стан­дарт­тарға салсақ, бұл үлкен көр­сет­кіш. Демократия қалпына келген 1989 жылдан бері прези­дент­тердің көп­ші­лігі төрт-бес ұпай ғана артық­шы­лық­пен ел тізгінін қолға алатын. Деген­мен әсіре оңшыл Хосе Антонио Каст сай­лау­дың бірінші турында жеңіске жетіп қана қоймай, екін­ші турда 44 пайыз дауыс жинады.

Шын мәнінде, соңғы сайлаудың нәтижелері Чилиде 1988 жылы өткен референдумның қорытындысына дәлме-дәл келеді. Ол кезде елді 1973 жылдан бастап бірнеше жыл билеген диктатор Аугусто Пиночет өз билігін тағы сегіз жылға ұзартуына қатысты мәселе ортаға тасталған еді. Пиночеттің жақтастары жеңілді, бірақ елдің тым оңшыл топтары тіршілігін жалғастыра берді, әлі де бар. Сайлаудың екінші кезеңі әрқашан екі тараптың бірін таңдауға тура келетінін білдіреді. Бірақ чилиліктер арасындағы аражік әсіресе өткір, тұрақты және өте ұзаққа созылатындай көрінеді.

Бірақ бұл Чили мен Латын Америка­сын­дағы солшылдар үшін ең маңызды болуы мүмкін. Бірінші раундта Борич «Кең майдан» (Социалистік партиядан бөлек солшыл партиялар мен қозғалыстардан тұрады) деп аталатын Коммунистік пар­тия, түрлі экологиялық, феминистік топ­тарынан құралған партиялармен одақ­тас­ты.

Екінші турда Борич коалицияның ауқымын одан әрі кеңейтіп, социалистермен, «Демократия үшін» орталық солшыл партиясымен, Христиан-демократиялық партиямен және басқа да бірнеше цен­трис­­тік көзқарастағы партиялардың басын біріктірді. Ендеше, чилилік саясаттанушы Патрисио Навиа дұрыс сұрақ қойып отыр. Мемлекетті екі альянстың қайсысы басқарады және Борич үкіметі қай бағыт ұстанады?

Кез келген болжам жасау үшін 2019 жылға оралуымыз қажет. Сол кезде чили­лік­тер елдегі көптеген мәселеге нара­зы­лық білдіру үшін көшелерге шықты. Соның ішінде төмен жалақы, баспананың жетіспеуі, жекешелендірілген зейнетақы жүйесі, қымбат және күрделі денсаулық сақтау жүйесі, қоршаған ортаның нашарлауы және әйелдер мен жергілікті ха­лық­тың құқықтарының бұзылуы секілді түйткілдер бар. Көп ұзамай на­ра­зы­лықтар теңсіздікке қарсы күреске ұласты.

Чилиліктердің көпшілігінің пікірінше, кедейлік айтарлықтай төмендеуіне қара­мас­тан, елдің экономикалық табысы әділ түрде бөлініп отырған жоқ. Дегенмен теңсіздіктің ең көп қолданылатын көр­сет­кіші – Джини коэффициентіне сүйенсек, кейінгі 20 жылда Чилидегі теңсіздік төмендеген. 2000 жылы 0,55-тен 2019 жылы 0,51-ге дейін түскен. Мұнда нөл­дік көрсеткіш теңдіктің нағыз үлгісін біл­діреді.

Қалай дегенмен, Боричтің бастапқы одағы наразылық білдірушілер көтерген көптеген нақты мәселені қамтиды. Ол жал­пы­ға бірдей медициналық сақтан­ды­руды қалыптастыруға, зейнетақы жүйесіне күрделі реформа жасауға, ең төменгі жа­ла­­қыны көтеруге, студент­тердің қары­зын жоюға және жұмыс аптасын қыс­қар­ту­ға уәде берді. Сондай-ақ мем­ле­кет­тік кірістерді ұл­ғай­ту, әсі­ресе ірі компания­лар мен ауқатты тұл­ға­ларға салынатын салық көлемін ішкі жалпы өнімнің 8 па­йызына жеткізу арқылы әлеуметтік шы­ғын­дардың орнын толтырмақ.

Мұны революциялық бағдарлама де­месек те, мол үміт күттіреді деп айта ала­мыз. Оның көп бөлігі жыл басында сайланған солшыл конституциялық ассам­блеяның ұстанымдарына сәйкес келеді. (155 мүшеден тұратын мекеме 2019 жылғы шерулерден кейін құрылды, оған наразылық білдірушілердің талаптары негізінде жаңа конституцияны әзірлеу мандаты берілді).

Бірақ Борич екінші раундта аздап жұмсарды. Ол Чилидің экономикалық ғажайыбын басқарған саяси коалиция­ны айыптаған пікірін өзгертіп, елдің бұрынғы президенттері Рикардо Лагос пен Мишель Бачелетке сөз арнады. Оның екінші раундтағы бағдарламасында әлі де тың реформалар жетерлік. Соның ішінде бастапқы уәделерінің бәрі қам­тыл­ған, бірақ бұрынғыдай тым ызғарлы емес.

Сайып келгенде, Борич өзінің жеңісі үшін тек қалыпты, дәстүрлі, егде жастағы сай­лаушыларға ғана емес, сонымен қа­тар жас, радикалды жақтастарына да қа­рыздар. Бұл «мыңжылдық прези­дент­тің» саяси көзқарасында шайқас болады дегенді білдіреді.

Осыдан 15 жыл бұрын ерекше құбы­­лыс­ты зерттеген едім. Борич осыны қат­ты сезінуі мүмкін. Ғасыр ауыс­қалы бері Латын Америкасында екі түрлі саяси «солшыл» көзқарас ор­нықты. Қалыпты, демократиялық, жа­һан­­данған, заманауи солшыл және анахронистік, мемлекетшіл, ұлтшыл және авторитарлық солшыл.

Неғұрлым қалыпты топты кейінгі 20 жылдағы Чили мен Уругвай үкімет­те­рі­нен, президент Луис Инасио Лула да Силваның екі мерзімі кезінде (жем­қорлыққа қарамастан) Бразилия үкіме­ті­нен байқай аламыз. Боливия президенті Эво Моралестің билікке келген бірінші мер­зімі, Сальвадордағы Фарабундо Мар­ти ұлт-азаттық майданының би­лі­гі (сыбайлас жемқорлыққа қатысына қарамастан) осы санатқа сәйкес келеді.

Радикалды солшылдарға Венесуэ­ла­ның марқұм президенті Уго Чавес пен оның мұрагері Николас Мадуро, Эква­дор­дың басшысы Рафаэль Корреа, Ни­карагуа президенті Даниэль Ортега және Кубадағы Кастро режімі мысал бола алады. Мексикалық Андрес Мануэль Лопес Обрадорды, перулік Педро Кастильоны және аргентиналық Нестор Киршнерді, Кристина Фернандес де Киршнерді және Альберто Фер­нандесті мұндай санатқа енгізу қиын. Бірақ олардың бәрі өткеннің доктриналары мен саясатына бейім еді.

Каракаста, Гаванада, Мехикода және Буэнос-Айресте радикалды солшылдар Чилидегі сайлау нәтижелерін тойлады. Олар Боричті солардың бірі ретінде қа­рас­­тырады. Бірақ олар қателесуі мүм­кін.

Мысалы, Чилидегі сайлаудың бірінші турының алдында болған оқиғаларды атап өткен жөн. Ортеганың жалған дауыспен қайта сайлануы, Мадуроның ай­мақтық сайлаудағы айтарлықтай же­ңісі, Куба режімінің жоспарланған на­ра­зылықты күштеп басуы Борич коалиция­сын белсенді әрекет етуге мәжбүр етті. Ком­мунистік партия және басқалар ақыр соңында (біраз ішкі келіспеушіліктерден кейін) Ортега мен Мадуроны құттықтауға шешім қабылдап, Гаванадағы Кастро режімін қолдағанымен, Борич те, оның екінші турдағы одақтастары да оларға қо­сыл­ған жоқ.

Бұған Чилидің кейінгі кездегі тари­хын, екінші турдың нәтижелерін және бас­қарушы коалицияның құра­мын қос­­са­ңыз, Борич әдеттегі латын­аме­­ри­­калық солшыл популист секілді ел басқар­майды деп ойлауға толық негіз бар. Керісінше ол 1970 жылдары де­мокра­тия­ға оралғаннан кейінгі Ис­панияның бірінші социалистік премьер-министрі Фелипе Гонсалеске ұқсайтын еуропалық социал-демократ се­кіл­ді жұмыс істей алады. Чили де, Латын Америкасы да бұдан мол үміт күтеді.

 

Хорхе КАСТАНЬЕДА,

Мексиканың бұрынғы сыртқы

істер министрі, Нью-Йорк университетінің профессоры