Қызылорда облысының Қазалы ауданында даңқты қолбасшы Жалаңтөс батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Биыл туғанына 445 жыл толып отырған Тұран жолбарысының рухына құрмет көрсетілген шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, даңқты қолбасшыға арналған ескерткіштің ашылуымен тұрғындарды құттықтады.
– Батырлығынан бөлек елді ақылмен билеген қайраткерлігімен аты шартарапқа мәлім болған Жалаңтөс баһадүрдің болмысына аса бір мұқиятпен үңіліп, ескерткіш тұрғызған елімізге белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев ерлік пен өрліктің, даналықтың үйлесімін дәл бейнелесем деген мақсатына жетті деп есептеймін. Елін жаудан қорғаған батыр атамыздың рухы баршамызды қолдап-қорғап жүргей, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ұлт тарихында аты қалған батыр әйгілі Әмір Темірден кейінгі Самарқанды көркейткен көрнекті тұлға саналады. Осы шаһардағы баһадүр бастамасымен салынған Шер-Дор Тілла-Қари медреселері әлемдік сәулет өнеріндегі қайталанбас қолтаңбаның бірі болып қалды.
Бүгінде еліміздегі ірі қалаларда Тұран өркениетінің ұлы перзенті атындағы көшелер бар. Облыс орталығында ескерткіші бой көтеріп, дарынды балаларға арналған спорт мектебі, Қазалыда орта мектеп пен бір ауыл батыр есімін иеленген.
Қызылорда