Соңғы деректерге қарағанда індет біршама тоқырап, жағдай тұрақталған тәрізді. Әлеуметтік-экономикалық саладағы шектеу шаралары жеті күннен кейін жұмсартылмақ.
Облыс «жасыл аймаққа» өткеніне қарамастан дерттен демігіп тұрған кейбір аудандар «қызыл аймақтың» санатында. Нақтырақ айтсақ, 19 ауданның сегізі «қызыл аймақтың» құрсауында.
– Жыл басынан бері облыста 50 мыңға жуық тұрғын коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болып отыр. Оның 43 544-і ересек адамдар болса, қалғандары 14 жасқа дейінгі балалар, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина, – індет жұқтырған адамдардың басым көпшілігі құлан-таза жазылып шықты. 888 науқас ем қабылдауда.
Өңірдегі ахуал туралы сараптама жасағанда, соңғы екі аптада індет жұқтырушылардың саны біршама көбейгенін айта кету керек. Қазір облыс ауруханаларында 300-ден астам науқас ем қабылдап жатыр. Ең өкініштісі, 36 тұрғын жан сақтау бөлімінде, үшеуінің жағдайы өте ауыр. Сөз арасында індетке ілінгендердің барлығы екпе салдырмағаны белгілі болып отыр. Осы орайда, «сақтансаң сау қаласың» деген сөзді тағы бір қайталай отырып, екпе салудың қаншалықты қажет екенін екпін түсіре айта кетелік.
Жаңа оқу жылы басталғалы 1 мыңнан астам оқушы індет жұқтырған. 31 білім ошағының 47 сыныбы карантинге жабылып, қашықтан оқыту жүйесіне көшірілген.
Ағымдағы жылдың 20 қарашасынан бастап жаппай ревакциналау қолға алынды. Иммундық жүйені нығайту, індеттен сақтану үшін 9 706 адам қайтадан екпе алған.
Тиімділігі белгілі болған Ashyq қанатқақты жобасына облыс нысандарының 5 мыңға жуығы енгізілді. Оның барлығына ресми түрде QR-кодтар берілген. Осы қосымша арқылы «сары» және «қызыл» статусы бар 2 мыңнан астам адам карантин талабын сақтамағаны анықталған.
Тәртіпті сақтап тартынсақ, «қызыл аймақтан» да құтылудың реті келетіндігін көз көріп отыр. Бәрі де өзімізге байланысты.
Ақмола облысы