Өтіп бара жатқан жыл заңнамалық тұрғыдан да айтарлықтай есте қалды. Парламент қабырғасында Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын арттыратын да, халықтың әл-ауқатын жақсартатын да заңдар қабылданды.
2021 жылы Парламент қабылдаған құжаттардың ішіндегі шоқтығы биігі – «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Президент Заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты. Дегенмен еліміз құжатты ратификациялау кезінде бір ескертпе енгізген. Соған сәйкес соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын қалдырып отыр. Осылайша, еліміз өлім жазасынан бас тартқан мемлекеттер тізіміне қосылды.
Халықаралық қоғамдастық тоғызыншы территориядан жеткен ақжолтай хабарды жоғары бағалағаны белгілі. Мәселен, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін Екінші Факультативті Хаттамаға қосылу туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.
Жер мәселесі – қоғамда қызу талқыланып жатқан көкейкесті проблемалардың бірі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық сөзіне құлақ асып, аталған мәселені шешудің нақты жолын ұсынды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өзінің заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Парламенттің қарауына жолдаған-ды.
Парламенттің екі Палатасы да құжатты талқылап, қабылдағаннан кейін Президенттің қол қоюына жіберді. Сөйтіп, талайды толғандырған мәселеге нүкте қойылды. Жаңа заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ұйымдарға қатысы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салынған.
Сондай-ақ бұған дейін шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайды. Олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болады.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған келесі құжат – Республикалық бюджет туралы заң. Соған сәйкес ең төменгі еңбекақы мен бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері бекітілді. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 000 теңгені құрайды. Ал мемлекеттік базалық зейнетақының төменгі мөлшері 19 450 теңгеге көтерілді. Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46 302 теңге, бір айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге көлемінде белгіленді.
Келер жылы әлеуметтік сала шығыстары биылғы деңгейге қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғайып, 8,1 трлн теңгеге жетпек. Шығыстар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022 жылы 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген. Білім және ғылым жүйесін дамыту мақсатында 2022 жылға 1,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық.
Сонымен қатар Парламент Зейнетақы жинағының шекті мөлшерінен асқан соманы алуға қатысты заңды қабылдаған-ды. Президент өткен қаңтарда оған қол қойды. Құжатқа сәйкес Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін заңда көрсетілген мақсаттарға пайдалана алады. Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілді.
Коронавирус пандемиясы қалыптасқан өмірді қайта қарастыруға мәжбүрлегені белгілі. Соған байланысты Парламент «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Осылайша, қашықтан жұмыс істеу заңнамалық тұрғыда бекітілді.
Еңбек кодексінде «қашықтан жұмыс» және «аралас қашықтан жұмыс» сияқты ұғымдар енгізілді. Сондай-ақ осындай жұмыс форматтарымен байланысты заңнамалық олқылықтар толтырылды. Негізгі мақсат – қашықтан жұмыс істейтіндердің еңбегіне ақы төлеуде кемсітуге жол бермеу. Заң қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, жанжалдарды және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі басқа да мәселелерді уақтылы шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент қабырғасында қаралды. Құжаттарды талқылаған депутаттар оны қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберді.
Сөйтіп, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауда сайланады. Әкімдікке жасы 25-ке толған азаматтар үміткер бола алады. Құжатқа сәйкес саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызын жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында бірқатар тапсырма берген еді. Соған сәйкес Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын» деген баған қосылды. Осы орайда, Орталық Азия мемлекеттері арасында еліміз бірінші болып жергілікті әкімдер сайлауын енгізіп отырғанын атап өткен жөн.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.
Құжатқа сәйкес рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Осы заңның арқасында 2236 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде, 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады. Айта кетейік, ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға рақымшылықтың қатысы жоқ.
Бұдан бөлек, Парламент «Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы», «Құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері туралы» заң жобаларын талқылады.
Сондай-ақ «Өнеркәсіптік саясат туралы», мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша жобаларын және мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша, биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша заң жобалары секілді маңызды құжаттар қабылданды.