• RUB:
    4.85
  • USD:
    444.14
  • EUR:
    477.05
Басты сайтқа өту
Экономика 31 Желтоқсан, 2021

Инвестициялық тартымдылықты арттыру маңызды

557 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында шетелдік инвестицияларды тартудың өзекті мәселелері қаралды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депу­таты Юлия Кучинская 30 жыл ішінде Қазақстан Орталық Азия­дағы экономикасы ірі және қар­қынды дамып келе жатқан елге айналғанын, сондай-ақ әлем­­нің 180 елімен өзара сауда жүр­­гізі­ліп жатқанын атап өтті. «Ин­вес­­­тициялар тарту және ин­вес­тор­­ларды қолдау ұлттық ба­сым­­дық­тардың бірі ретінде бел­гілен­ген. Nur Otan партиясының сай­ла­у­алды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жал­пы ағынын 30 млрд долларға жет­кізу міндеті тұр. Салалар мен өңірлер бойынша бөлінген инвес­тиция көлемінің тиісті нысаналы индикаторы әзірленіп, белгіленді. Отырыстың күн тәртібінде облыс­тар мен орталық мемлекеттік ор­ган­дардың белгіленген көрсет­кіштерге қол жеткізуінің алдын ала қорытындылары, сондай-ақ инвестордың өңірге келуі азаматтарды жұмыспен қамту, олардың кірістерін қаншалықты шешеті­нін қарау, сондай-ақ жалпы елді мекен­дерді дамыту мәселелері бар», деді Ю.Кучинская.

Сыртқы істер вице-министрі Алмас Айдаровтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдар­ламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының 2021 жылы шетел­дік инвестиция тарту жөнін­дегі көрсеткіші айтарлықтай дең­гей­де орындалған. «Өткен жылмен салыстырғанда инвестициялар ағыны 30%-ға өскенін көріп отыр­мыз. Мәселен, Қостанай об­лы­сында ет өңдеу зауыты, Аты­рау облысында техникалық газ­дар өндірісі, түрлі өңірлерде жа­ңар­тылған энергия көздері бойын­ша 7 жоба пайдалануға берілді. Биыл­ғы 10 айдың қорытындысы бо­йынша шетелдіктердің қатысуымен 19 инвестициялық келісімшарт жасалды», деді вице-министр.

А.Айдаров сондай-ақ орталық мем­лекеттік және жергілікті ат­қарушы органдардың өтінім­дері не­гі­зінде шетелдік кәсіпкерлер үшін Сыртқы істер министрлігі 171 инвес­тициялық ұсыныс да­йын­­­да­ғанын, олардың көпшілігі агро­өнер­кәсіптік кешен мен метал­­лур­гияға қатысты екенін айтты.

Өз кезегінде Ұлттық экономи­ка вице-министрі Әлішер Әбді­қадыров инвестициялық жобаларды қолдаудың қолданыстағы шара­лары туралы айтып берді. «Ірі инвесторлармен инвестициялар туралы келісімге қол қою кезінде кедендік баждардан және импортқа қосылған құн салы­ғынан босату, түрлі салық жеңіл­діктері, оның ішінде 10 жылға дейінгі мерзімге жер салығы мен корпоративтік табыс салығын, 8 жылға дейін мү­лік салығын төлеу­ден босату сияқ­ты шаралар көзделген. Жаңа енгі­зіл­ген қол­дау шараларының ішінде басым­дық берілген салалар бо­йынша келісімшарттар жасасу үшін инвестициялар бойынша ең төменгі шекті көлемдердің азаюын атап өткен жөн», деді Ә.Әбдіқадыров.

2021 жылдың бірінші жарты­жыл­дығының қорытындысы бо­йын­ша ел көлемінде шетелдік инвес­ти­цияларды тартудың жет­кі­лікті деңгейде жоғары көр­сеткіштері болса да, өңірлердің белгіленген индикаторларға қол жеткізуінде елеулі сәйкессіздіктер байқалады. Мә­селен, Қызылорда облысы өз жос­парын 2 есеге асыра орында­са, ал Қостанай облысы 6 айда жос­парды 100% жүзе­ге асырды. Әйт­се де, Жамбыл және Сол­түс­тік Қазақ­стан облыс­тары орын­дауда олқылық танытқан аймақтар қата­рында. Атал­ған өңірлер бойын­ша жос­пар­лан­ған көр­сеткіштер тиі­сінше 9,1%-ға және 7,5%-ға ғана орындалды.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депу­таты Әмірхан Рахымжанов мақ­сат­ты көрсеткіштерді нақты жоспар­лаудың маңызын атап өтті. Сон­дай-ақ өңірлердегі инвести­цияға жауаптылардың жиі ауысуы­ның жүйелі проблемаларына және бір­қатар мамандардың құзырет­терінің төмен екеніне назар аударды.

Кеңестің тағы бір мүшесі, Мә­жіліс депутаты Аманғали Бер­да­лин­нің пікірінше, инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жат­қан саясаттың тиімділігіне объек­тивті баға беру үшін тек кел­ген инвесторларға ғана емес, Қазақ­стан нарығынан кеткендерге де талдау жүргізу қажет. Сон­дай-ақ өңірлердегі ағым­дағы және болжамды энергетика­лық қуат­тарды (газ құбырлары мен электр энергия­сы) және инфрақұры­лымдық жобаларды ескере отырып, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өңірлік мақсатты көрсеткіштерді де талдау қажет.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева инвестициялық сая­сатты қалыптастыру кезінде шет­ел­­дік инвестор үшін артық­шы­­лық­тарды ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік міндеттемелерін де ескеру қажет екенін атап өтті. «Бұл – инвестордың сол ай­мақ­қа, сол жердің халқына деген дұрыс көзқарасы. Ең басты­сы – тұрақ­тылықты, әділ еңбекақы төлемін, әлеуметтік пакетті, қауіпсіз жағ­дайды қамтамасыз етуді, білік­тілікті арттыруға мүмкіндікті көз­­дейтін сапалы жұмыс орында­рын ашу. Өкінішке қарай, біз­де адам капиталына инвестиция салуға дайын кәсіпорындар көп емес. Оқу орталықтары және тағы сол секілді орындардың ашылуы бойынша мысал бар, бірақ бұл сирек кездеседі. Осы тармақтардың барлығы инвести­ция­лық келісімдерде көрсетілуі тиіс және оған нақты мониторинг қажет», деп есептейді ол.

Кеңес мүшелері мен отырысқа қатысушылар инвестициялық сая­сатты одан әрі дамыту бойынша басқа да ұсыныстар айтты.