Отандық Naiza Fighting Championship промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен Алматыда аралас жекпе-жектен дүбірлі дода дүркіреп өтті.
Аталған жарыстың басты бәсекесінде жеңіл салмақтағы Қазақстанның қос спортшысы – Елдар Құдайбергенов (4-0) пен Серікбай Ходжабаев (11-5) аталған лиганың алтын белбеуі үшін таласты. Бес раундқа созылған өте шиеленісті тартыста алғашқысы ұпай санымен жеңіске жетті. Нәтижесінде, чемпиондық белбеу Елдарда қалды. Тағы бір басты жекпе-жекте Асу Алмабаев (14-2) бразилиялық Кайка Аленкарамен (10-2) күш сынасты. Бастапқыда екеуі де екпінді көрінгенімен уақыт оза қандасымыз тізгінді өз қолына алды. Үшінші раундта Асу қарсыласын ұрып жықты. Сөйтіп Аленкара өзінің спорттық карьерасында екінші рет қазақ спортшысынан жеңілді. Алдыңғы жылы ол Арман Әшімовтен таяқ жеген болатын.
Өзге қызықты бәсекелер жайында айтар болсақ, Фаниль Рафиков қырғызстандық Қаныбек Жәнібекұлын екінші раундта нокаутқа жіберсе, Болат Заманбеков өзбекстандық Шукурулло Машраповты бірінші кезеңде қылқындыру әдісімен жеңді. Айболат Мұратұлына грузиялық Сослан Гасиевиден басым түсу үшін санаулы минут жеткілікті болды. Сондай-ақ UFC-де өнер көрсетіп жүрген Шавқат Рахмоновтың туған қарындасы Сора Өзбекстаннан келген Хилола Собированы сабап тастады.