Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті турында Нұр-Сұлтанның «Барысы» өз мұз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» клубын қабылдады.
Башқұртстанның хоккейшілері плей-оффқа шығу мәселесін күні бұрын шешіп тастаған. Қазіргі кезде олар ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде үздік сегіз команданың қатарында. Ал «Барысқа» әр бәсекеде барын салу қажет. Себебі олардың Гагарин кубогы жолындағы жарысқа жолдама алуы не алмауы әзірге белгісіз. Сондықтан да бұл матчта да жерлестеріміз әдеттегідей аянбай айқасты. Бірақ ағымдағы жылдың соңғы кездесуінде азулы «Салават Юлаевқа» біздің жігіттердің әлі жетпеді. Матчтың 12-минутында Сергей Шмелев қонақтарды алға шығарса, 23-минутта Линден Вей таразы басын теңестірді. Арада төрт минуттай ғана уақыт өткенде дәл сол Шмелев екінші мәрте айдын иелерінің қақпасын дәл көздеді. 1:2 есебі бәсекенің соңына дейін сақталды.
Қазіргі кезде қоржынында 42 ұпай бар «Барыс» жарыс кестесінде 17-орынды қанағат тұтуда. Енді елордалық клуб өзінің келесі кездесуін 3 қаңтарда Нұр-Сұлтанда Риганың «Динамосына» қарсы өткізеді.