• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 31 Желтоқсан, 2021

Елорда полиция департаментіне 42 автокөлік сатып алынды

351 рет
көрсетілді

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы құқықтық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министр қала полициясының бірқатар нысандарын аралап, Мемлекет басшысының азаматтардың полицияға қолжетімділігін барынша жеңілдетуге бағытталған полиция жұмысының сервистік моделін және «Қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

«Қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын іске асырудағы шешімдердің бірі - модульдік үлгідегі стационарлық бекеттерді орнатып, учаскелік полиция пункттерінің санын ұлғайту.

Учаскелік полиция пунктін аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары қызметінің сапасын жақсарту, учаскелік пункттер, мобильді бекеттер желісін оңтайлы орналастыру және кеңейту, азаматтардың сауалына ден қою жеделдігін арттыру жөніндегі шаралар қаралды.

Биыл елордада 10 учаскелік пункт пен азаматтардың сұрауларына полицияның уақтылы және сапалы әрекет етуін қамтамасыз ететін 10 модульдік полиция бекеті іске қосылды. Жыл сайын елордалық полицияның материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Қолданыста құқықтық тәртіпті қорғауға және қылмысқа қарсы күреске арналған заманауи техника мен қызметтік автокөлік бар.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің қолдауымен Полиция департаменті үшін 42 автокөлік пен 57 бірлік компьютерлік техника сатып алынды. Мұның барлығы азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, ішкі істер органдарының ашықтығы мен қолжетімділігі үшін жасалуда. Аталған шаралар елорда тұрғындары мен полицейлер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға, ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға және аса ауыр қылмыстарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Халықпен тікелей байланыста болатын сыртқы қызметтің барлық қызметкерлері планшеттер мен бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген. Қала көшелерінде арнайы құрылғылар орнатылады, олар заңға қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде дабыл сигналын беруге және полицияға шұғыл қоңырау шалуға арналған.

Қазіргі уақытта азаматтар көп жиналатын жерлерде азаматтардың полицияға қашықтан жүгінуі үшін 13 «дабыл батырмасы» орнатылған. Құрылғылар іске қосылғаннан бері 700-ге жуық сигнал келіп түсті. Негізінен адамдар кеңес алуға, құжаттар жоғалған кезде, хабар-ошарсыз жоғалған адамды іздеуге, телефон ұрлығы, пәтер ұрлығы, дене жарақатын салу және басқа да жағдайларда жүгінді.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан біз учаскелік инспектордың – полицияның ұлттық сервистік моделінің басты фигурасының тиімді жұмыс істеуі, «Қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын қамтамасыз ету және қажет болған жерде тәртіп сақшыларының тұрақты түрде болуы үшін барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз», деді ІІМ басшысы.