Жаңа жылдың жаңа күнтізбесі басталысымен-ақ өнерсүйер көрерменді театрларда қандай премьералар болатыны қызықтырады. Театр репертуарында жылда қойылып жүрген классикалық спектакльдерден бөлек жаңа туындының тақырыбы, мазмұны, идеясы, актерлердің шеберлігі, режиссерлік жұмыс көрермен мен театр сыншылары үшін орны бөлек оқиға. Сонымен осы жылы көрерменді қандай премьералар күтіп тұр?
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 2022 жылға екі премьера дайындап отыр. Бірі Мигель де Сервантестің әлем әдебиетінің жақұтына айналған «Дон Кихот» романының желісімен сахналанбақ. Режиссері – халықаралық түрлі театр фестивальдерінде үздік режиссерлік жұмыс жүлдесінің иегері Әлібек Өмірбекұлы.
Сондай-ақ Уильям Шекспир шығармаларының негізінде «Шекспирмен бетпе-бет» спектаклі дайындалып жатыр. Бұл қойылымды Мәскеу қаласындағы Е.Вахтангов атындағы театр режиссері, Римас Туминастың шәкірті Гүлназ Балпейісова қоймақ.
Ал М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры алдағы уақытта Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасы желісімен «Қан мен тер. Ақбала», Рахметолла Райымқұловтың шығармасы желісімен «Мақшар түнгі махаббат» спектакльдерін көрерменге ұсынбақ. Бұдан бөлек Бернард Шоудың «Пигмалион» комедиясы мен Мұхтар Әуезовтің «Ақан-Зайра» драмасы жоспарланып отыр.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын да қадам басқан жаңа жыл өте мазмұнды болмақ. Мәселен, Иржи Килианның «Алты би» балеті және өзінің өте жеңіл салмағына қарамастан, үлкен алыптарды жеңіп, алаяқ түлкіден қулығын асырып, тұтқындарды босататын Қаңбақ шал оқиғалары туралы Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» балалар операсының премьерасы жоспарлануда. Бұдан бөлек хореограф Раймондо Ребектің қойылымында Сергей Прокофьевтің «Күлбикеш» балеті мен Джоакино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» атты операсы дайындалып жатыр. Ең бастысы, театрсүйер жандар үшін басты сыйлық – Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» ұлттық операсының премьерасы болмақ.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында да биыл репертуарға бірнеше жаңа қойылым қосылады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» сатиралық шығармасы желісімен дайындалып жатқан спектакльдің премьерасы ақпан айына жоспарланып отыр (реж. А.Маемиров). Ал Н.В.Гогольдің «Үйлену» қойылымы (реж.М.Жұмабаев) мен «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісінің премьералары сәуір-маусым айларында өтпек.