Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары өз мәресіне жетті.
30-мәрте жалауы желбіреген ұлттық лига ойындарында 9 команда күш сынасуда. Олар – «Алтай», «Жетісу», «Қуаныш», «Алматы», «Қарағанды», «Алтай-2», «Ертіс», «Ару Астана» және «Жетісу-2». Екінші турда ең үздік нәтижеге «Қуаныш» қол жеткізді. Петропавловскілік ұжым барлық алты кездесуді өз пайдасына шешіп, 18 ұпай олжалады. Егер олар дәл осы қарқынмен жалғастыратын болса, онда олар алдағы уақытта еліміздің ең үздік клубтары – Өскеменнің «Алтайы» мен Талдықорғанның «Жетісуына» лайықты қарсылас атануы әбден мүмкін. Бұл жолы Алматы облысының арулары 15 ұпай еншілесе, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері 9 ұпайды қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл турда «Алтай» мен «Жетісу» өзара кездескен жоқ. Көпшілік тағатсыздана күткен кездесу кейінге шегерілген-ді.