2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Беларусьтен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалықты қабылдады, деп хабарлайды, Egemen.kz.
2021 жылғы қарашада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкіметтер басшылары кеңесінің отырысында ТМД шеңберіндегі экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім қабылданды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары, 2022 жылы ТМД-да халық шығармашылығы және мәдени мұра жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары, 2030 жылға дейін «1520 кеңістікте» теміржол көлігін стратегиялық дамыту Тұжырымдамасы бекітілді.
2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет Басшылары Кеңесінің келесі отырысы өтеді. ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысы да 2022 жылы Қазақстанда өтеді.
2021 жылғы 28 желтоқсанда Санкт-Петербургте ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуі барысында ТМД елдерінің басшылары 2021 жылғы өзара іс-қимылды қорытындылады, алдағы кезеңге арналған өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жөніндегі жалпы жоспарларды, сондай-ақ бірлескен, оның ішінде экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жобаларды іске асыруды талқылады.