Еліміздегі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков Маңғыстау облысындағы мәселе назардан тыс қалмай, «картельдік келісім» бағытында тергеу басталғанын тіліне тиек етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков сұйытылған газ бағасының нарығында қалыптасқан жағдай бойынша бірқатар өңірде тергеу жұмыстары басталғанын сөз етті.
«Агенттік тарапынан маңызды мәселеге қатысты талдау жұмысы жүргізілді. Бүгінде Маңғыстау облысында бағаны келісу бойынша, картельдік келісім бойынша тергеу басталды. Одан бөлек Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша тергеу жүргізілуде. Әзірге қорытынды сөз айтатын уақыт келген жоқ. Біршама уақыттан кейін нақты мәліметтермен бөлісу мүмкін болмақ», деді агенттік өкілі.
Бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты Маңғыстау облысындағы жанармай стансаларының иелері сұйытылған мұнай газының құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жазған болатын.