• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 04 Қаңтар, 2022

Жуков жақсы көрген жауынгер

873 рет
көрсетілді

Өткен жылы Орал өңірі, соның ішінде тарихы терең Қаратөбеге жолымыз түсті. Бұрыннан бар әдет – табанымыз тиген жердің тарихымен танысу. Әсіресе, жергілікті өлкетану музейлеріне бас сұғу. Бұл жолы да дәстүрді бұзбадық. Аудандық музейді көктей шолып келе жатып, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты бөлімнің төрінде «Жуков жақсы көрген жауынгер» деп шекітіп жазған бір тілім фотоны көріп қалдық.

 

Көрік кеудесін орден мен медаль жап­қан, жанары ойлы, сәйгүлік мүсіндес жып-жылы жүзді жарқын фотобейне. «Жуков жақсы көретіндей кім бұл?». Біз­дің таңданысты бірден түсінген мекеме басшысы Нұрлан Меңдешов: «Бұл адамның аты – Кенжебай Мәденов. 1925 жылы осы өлкеде туған. Мар­шал Жуковтың естелігінде аты аталып, бас қолбасшы оның ерлігін сүйсіне дәріп­теген» деді.

Расында солай екен. Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков 1970 жылы Мәс­кеуде жарық көрген «Воспоминания и раз­мышления» атты мемуарының 626-бетінде: «Шайқаста танкілер мен өз­дігінен жүретін зеңбіректерді іске қосуға тура келді. Олардың оқпандарынан зуылдай ұшқан снарядтар Ратушаның зіл батпан шойын қақпасын қақыра­та құлатып, үй алдындағы алаңқайды түтінді пердемен тұмшалап тастады. Осы сәтті шебер пайдаланып, мұнда ең бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы басып кірді...» деп жазыпты.

Осылай атақты қолбасшының назарына іліккен қазақ жігіті жайлы ал­ғаш қалам тартқан Клаус Похе мен Ганс Олига атты неміс журналистері екен. Бұл екі адам бірігіп жазып, 1948 жылы Мәскеудегі «Воениздат» баспаханасында жарық көрген «Берлинге шабуыл» атты кітапта, «немістердің Рейхстагтан кейінгі жүрегі – Империя кеңсесі Ратушаға бірінші болып жеңіс туын қадаған Мәденов атты қазақ еді» деп ерекше атап өтсе, соғыс жылдары «Правда» газетінің әскери тілшісі болған Мартын Иванович Мержанов 1963 жы­лы Мәскеуде жарық көрген «Так это было» атты жорық жазбасында: «Берлин ратушасына үдере шабуыл жасаған тұста қолма-қол ұрыс салған лейтенант Мәденовтің взводы батыл шабуыл жасап, басып кірді. Ұрыс екі сағаттан астам уақытқа созылды» депті.

Сондай-ақ тарих ғы­­лым­дарының докторы, Екінші дү­ние­­­жү­зілік соғыс тарихын зерттеуші П.С.Бе­­лан­ның 1979 жылы Алматыда жа­­­рық көрген «Участие казахстанцев в завер­­­шающих сражениях Великой оте­­чест­венной войны» атты еңбегінің 169-бе­тінде лейтенант К.Мәденов баста­ған жа­уын­герлердің ратушаға ­шабуылы жай­­лы толық баян­дап: «Каждую ком­­на­ту при­ходилось брать с боем. Кенжебай Ма­денов вой­ну закончил кавалером тринадцати правительственных наград и ныне живет и работает в Уральской области» деп жазыпты.

Ал қазақ қаламгерлері тарапынан Мә­денов жайлы алғаш қалам тербеген жа­­зу­шы Әнес Сарай екен. Ол кісі «Ле­нин­шіл жас» газетінің 1970 жыл­ғы 30 сә­уір­дегі нөмірінде «Маршал мақ­­­та­ған қа­зақ» атты мақала жазса,  тарих ғы­лымдарының докторы Керей­хан Аман­­жолов 1985 жылы жа­рық көрген «Шай­қаста шыңдалған дос­тық» атты кіта­бының 85-бетінде: «Бер­линге алғаш­қылардың бірі болып Орал об­лы­­сының азаматы Кенжебай Мәде­­нов кір­ді. Фашистердің Рейхстагтан ке­йінгі бір ор­дасы ратушаны алуда ерлігі­мен көз­ге түсті. Осы ерлігі үшін «Қы­зыл Жұл­дыз» орденімен наградталды» деп­ті. Сол сияқты, академик, та­рих­шы Ма­наш Қозыбаев 1993 жылы Алма­тыда орыс ті­лінде жарық көрген «История Ка­зах­стана» атты еңбегінің 199-бетінде: «...Знамя 1008-го стрелкового полка на крыше ратуши в Берлине  водрузили  молодые офицеры из При­уралья К.Ма­денов и Р.Караманов» деген жолдарды кездестіруге болады.

 

* * *

Ендеше, атақты қолбасшының на­зарын аударып, шетел және қазақ қа­лам­герлерінің ізденуіне түрткі бол­ған Кенжебай Мәденов кім? Бұл сұрақ­қа жауапты алыстан іздемей-ақ тапқан­даймыз. 1970 жылы жеңістің 25 жылдық датасына орай «Қазақстан коммунисі» басылымының №6 санына «Батыр гвардияшылар» деген атпен кейіпкеріміз К.Мәденовтің естелігі жарияланыпты. Осы естелікте, ол өзінің Өтеген, Ал­тын­бай, Жаулыбай деген ағалары бол­ғаны жайлы баяндаса, жазушы Ғаб­дол Сланов: «Мәденовтер отбасынан аға­лы-інілі төрт жігіт майданға аттан­ған. Үлкені Өтеген Мәденов 1945 жы­лы жа­раланып елге оралса, екін­ші ұл Алтынбай 44-тің күзінде Бал­тық бо­йын­дағы шайқаста қаза тауыпты. Кен­же­байдың өзіне тетелес ағасы Жаулыбай да 1942 жылы Старая Русса маңында шақит кеткен еді» деп жазады. Ал үйдің кенжесі Кенжебай 1943 жылдың басында майданға шақырылып, арнайы да­йындықтан өткен соң қараша айында 3-ші Украин майданы 57-ші гвардиялық дивизиясы 170-ші полктың құрамында соғысқа араласады.

Батыр атамыз Мәденовтың өмір жо­­­­лын зерттеген қаламгер-журналист Жанболат Аупбаев келтірген мәліметке үңілсек, кезекті шайқаста аяғынан ауыр жараланып, госпитальға түскен Кенже­кең сауығып шыққан соң 5-ші тегеурінді армияның құрамында Мол­давиядағы ұрыстарға қатысады. 1944 жылы взвод командирлерін даяр­лайтын курсқа барады. Лейтенант шенін алған ол 1-ші Беларусь майданы 266-шы дивизия­ның 1008-ші полкіне бөлі­неді. Мұнда взвод командирі болып таға­йын­далып, Варшаваны азат ету әске­ри қи­мыл­да­рына қатысып, 1945 жылы 23 сә­уір­де Бер­линге табан тіреп тоқтайды.

Жоғарыдағы М.Қозыбаев естелігін­де Мәденовпен бірге есімі атап өтілген Рах­­метолла Қараманов туралы Ұлы Жеңіс­тің 25 жыл­дығы қарсаңында қазіргі Атырау облысы Жылыой аудандық газе­тіне есте­лік жарияланған екен. Онда Берлинге шабуылдау барысына тоқ­талып: «...Біздің батальонға жас лей­тенант келді. Бұл жігіт жерлесім Кен­жебай Мәденов екен. Бір күні екеу­мізді батальон командирі капитан Н.В.Бовылов шақырып алып: «Анау қар­сы алдымыздағы зәулім үйді кө­ріп тұрсыңдар ма? «Империя кеңсесі» деп аталатын фашистердің Рейхстагтан кейінгі атақты ордасы ратуша бұл. Қор­ғанысы өте күшті. Бұл ғимаратқа басып кіріп, ішін эсэс баскесерлерінен та­зар­тып, шатырына ту тігуді Мәденов бас­қаратын взвод жауынгерлеріне тапсы­рамын. Естеріңде болсын, шабуыл ба­рысында жалғыз болмайсыңдар. Сен­дерді артиллерия қолдайды. Бірақ не­гізгі жауапкершілік өздеріңде» деді. Ратуша көп қабатты, қызылқоңыр зәу­лім үй екен. Көзбен шамалағанда ғима­раттың қақпасына дейінгі аралық 40-50 метр­дей. Оқ жаңбырдай себелеп тұр­ды. Бұл қорғасын нөсерінің күштілігі сондай, асфальт секілді етіп төселген тас­тарды тесіп өте алмай жоғары шоршып түсіп жатыр. Өстіп тұрғанымызда бізге танкілер мен өздігінен жүретін зеңбірек расчеттері көмекке келді. Өз­ара ақылдасып, ой бөліскен артилле­ристер бір мезетте «Империя үйіне» үсті-үстіне ызылдатып снаряд жаудыра бастады. Осы сәтті пайдаланып Мәденовтің взводы бірінші қабатқа басып кірді. Әр бөлме үшін қызу ұрыс жүрді. Өйткені бұл үйді қорғап тұрған немістің таңдаулы бөлімдері екен» дейді. Осы шайқаста Кенжебаймен бірге ерлік көрсеткені үшін Рахметолла да Қызыл Ту орденімен марапатталыпты.

Екінші бір дерек: 1981 жылы Алма­тыдағы «Жазушы» баспасынан шық­қан Ғ.Слановтың көптомдық шығар­ма­лар жинағының 6-томының «Айда­һардың ордасы» атты бөлімінде: «Фа­шизм ордасын талқандауға советтің төрт армиясы – 1-ші, 2-ші Белорус, 1-ші, 2-ші Украин және 41 600 зеңбірек пен мино­мет, 6 700 танк пен жылжымалы зең­бірек, 8 мыңдай самолет Берлинге төнді. Апрельдің 16-нан майдың 2-іне дейін белшеден қан кешкен шайқаста 20 жастағы Мәденов Кенжебай жауға аянбай қару сілтеді. Апрельдің 29-ы күні жас лейтенантқа ерекше тапсырма – взводын бастап барып ратуша деп атала­тын «Империя кеңсесін» басып алу жүктел­ді. Қоршауға алынған ратуша ішіне ты­ғыл­ған жау оқнөсерін боратты. Дүние адам танығысыз. Көкала түтін тарсыл-гүр­сіл, борс-борс... Кенжебай взводы рату­­ш­аға елдің алдымен кіріп кетті. Қорған ішіндегі қолма-қол шайқас талай сағатқа созылды. Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылды да, лейтенант Мәденов ратушаның төбесіне өз қолымен совет халқының жеңіс туын тікті» деп жазады.

Бір таңданарлық жағдай, Кенжебай Мәденов қан майданда соғысып жүрсе де, қазақтың қара домбырасын қасынан тастамаған екен. Бұл жайлы тағы да жазу­шы Ғабдол Слановтың естелігінде айтылады. Тіпті майдангер Кенжекең рату­шаға ту тіккен соң «Жеңіс» атты күй шы­ғарғанын, оны Ғабдол ағамыз өз құлағымен естігені жайлы баяндайды.

 

* * *

Соғыс аяқталған соң батыр атамыз 1946–1949 жылдары Қаратөбе аудандық «Заготживсырье» конторында есепші, бас есепші болып жұмыс істейді. 1949 жылдан бастап, өмірінің ақырына де­йін Орал және Гурьев облыстарында ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті орган­дарында еңбек етіпті. Жауынгерлік ер­лігі һәм ұзақ жыл мінсіз атқарған қыз­меті үшін екі «Қызыл Жұлдыз» ор­дені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Бер­линді алғаны үшін», «1941-45 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жең­гені үшін» жауынгерлік медальдары­мен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет гра­мотасымен марапатталған. Тәуелсіздік жылдары батырдың есімі «Қазақстан тарихы» оқулығынан орын алса, Атырау қаласында Кенжебай Мә­де­новтің атында көше бар. Өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болған ағамыз 1974 жы­лы қайтпас сапарға аттаныпты.