Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында «Үздік аула» және «Үздік ауыл» жобасы қорытындыланды. Аудандағы 15 округ ішінен үздік шыққан Ақжайық ауылы әкімдігіне су жаңа «Газель» көлігі табыс етілді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында ұйымдастырылған байқауда елдімекендермен қатар қарапайым еңбек адамдары да дәріптелді. Ауыл азаматтарын шаруашылықпен айналысуға ынталандыру мақсатында ерекше көзге түскен 3 отбасы арнайы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Теректі ауданы бойынша 9 700-ден астам аула бар екен. Соның 4 385-і жеке қосалқы шаруашылығын дамытып, еңбек дәмін татып отыр. Биылғы байқауда Ақжайық ауылдық округінен – Джуршешовтар отбасы, Ақсоғым ауылынан –Арыстановтар, Ақсуат ауылынан – Сарбөпеевтер, Аңқаты ауылынан – Төреалиевтер, Богданов, Долин, Новопавлов, Подстепный, Покатилов, Приречный ауылдарынан – Кирпичников, Литвин, Власов, Юсупов, Долбня, Кайнушевтер, Ұзынкөл ауылынан – Елекбаев, Шаған ауылынан – Сақтағанов, Шағатай ауылынан – Қазмұханбетов, Шалқар ауылынан – Жиенбаев, Федоров ауылдық округінен – Ярошенколар отбасы жеңімпаз деп танылған.
Жүлдегерлерді құттықтауға арналған салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысып, тұрғындарды Жаңа жылмен құттықтады. Ауылды абаттандыруға белсене атсалысқаны үшін жеңімпаз отбасыларға мотокультиватор тарту етті.
«Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға негізделген көптеген бағдарлама бар. Биылдың өзінде ауданда 375 адам грант алып, құс, мал шаруашылығын дөңгелетті. Грант алу арқылы сүтті бағыттағы сиыр шаруашылығын жолға қойып, ауылшаруашылық өндірістік кооперативке жан бітіріп жатқан жерлестеріміз де жетерлік. Өкінішке қарай, әлі де ешқандай шаруашылықпен шұғылданбайтын 4 356 аула бар. Бүгінгідей шаралар арқылы сол тұрғындарды еңбекке тартып, бос жүрген жастарды еңбекқорлыққа бағыттай алсақ, жобамыздың мақсатқа жеткені деп білемін», дейді Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдушев.
Батыс Қазақстан облысы