• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қаңтар, 2022

Алматы, Шымкент және Тараз әкімдіктеріне шабуыл жасалды

1232 рет
көрсетілді

Еліміздің бірқатар аймақтарында заңсыз акциялар өтіп, қала әкімдіктерінің ғимараттарына шабуыл жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.

Өткен түні жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан, азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады.

Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл болды.

Заңсыз шерулер барысында құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларының әкімдіктеріне шабуыл жасалып, әйнектер мен есіктері сынды, басқа да материалдық залал келтірілді. Тастар, таяқтар, газ, бұрыш баллондары және жанғыш қоспасы бар бөтелкелер пайдаланды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақаттарын алған. 37 қызметтік автокөлік бүлінген.

Осыған байланысты, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзған 200-ден астам адам ұсталды.