Алматыдағы тәртіпсздіктер кезінде Көктөбедегі телемұнараға екі рет шабуыл жасалған. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Хабар 24» телеарнасының эфирінде айтты.
«Ең алдымен, олар қаланың әкімшілік ғимараттарын, Алматы қаласындағы телеарналардың кеңселерін басып алып, қиратты. Орталық теледидарда тікелей эфирге шығуға бірнеше әрекет жасалды. Екі рет шекара әскерінің күшімен Көктөбедегі телемұнараға жасалған шабуылдың беті қайтарылды. Әуежай мен бірнеше ұшақ жедел басып алынды. Барлық басып алынған объектілерде баррикадалар мен блокбекеттер орнатылды. Тұтқындалған әкімдіктің әр қабатында содырлар кезекшілік етті, барлық кіріп-шығатын дәліздерді қадағалады. Олар қала бойынша оңтайлы бағыттар бойынша қозғалып отырған. Өзара арнайы жеке байланыс желісін қолданған болуы мүмкін», деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, террористер жағынан арнайы винтовкалары бар мергендер әрекет еткен.
«Мергендер сыртқы бақылау камералары, байланыс және аудиовизуалды ақпаратты беру құралдарының көзін жойды. Басты көздегендері құқық қорғау органдарының қызметкерлері болды. Жас курсанттың басын кесіп кеткен кем дегенде бір жағдай белгілі. Қазіргі уақытта 18 қызметкердің қайтыс болғаны анықталды», деді Дәурен Абаев.