• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

Ақмола мен Гродно облыстары: екіжақты байланыстар нығаюда

278 рет
көрсетілді

Ынтымақтастық ырысқа бастайды

Өткен аптада Ақмола облы­сының әкімі Қосман Айтмұ­хаметов бастаған өңір делегация­сы Беларусь Республикасының Гродно облысында үш күндік жұмыс сапарымен болды. Құрамында ауыл шаруа­шы­лығы мен өнеркәсіп орын­дарының басшылары, жергілікті билік өкілдері бар ақмолалық ресми топ ынтымақты бай­ла­ныстағы әріптестерінің әр саладағы жұмыс тә­жі­рибесімен танысты. Әсі­ресе, белорустық диқандар мен мал­шы­лар тірші­лігіндегі со­ны тыныс, толымды табыс тетік­тері­не, қол­даныстағы үздік техно­логия­лық қадамдарға ерекше ден қойылды. – Бүгінгі таңда Ақмола жә­не Гродно облыстары ауыл шаруа­шылығын дамыту жағынан бір-біріне ұқсас өңірлер болып табылады. Кейбір бағыттар бой­ынша гроднендіктер біз­ден ілгері тұр, мұның өзі біз үшін үлгі-өнеге, – деді алғаш­қы әсерлерімен бөліскен делега­ция басшысы Қосман Айтмұ­хаметов. Белорустар бізге Гродно облысының фермаларында игерілген бірқатар технологиялармен танысуға қолайлы мүмкіндік туғызды. Ақмо­ла­лық­тарды сон­дай-ақ, тұрғын үй-ком­му­налдық ша­­руа­­шылығы саласын дамыту, аг­рар­лық қала­шықтар салу тәжі­рибелері де қызықтырғаны анық. Гродно облысының губернаторы Владимир Кравцовпен және облыстық атқару ко­ми­тетінің төрағасы Сергей Шапиромен кездесу барысында Қосман Айтмұхаметов елімізде бюджеттік тұрғын үй құрылысын жүргізу бағдарламасы кең өріс ала түскендігін, осының нәтижесінде 2020 жылға дейін екі миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңын пайдалануға беру көзделіп отырғандығын жеткізді. Ақмола облысы қазіргі таңда индустриялық секторға белсенді бетбұрыс жасауда. Туризм саласындағы кластерлік жүйенің де қайтарымы жоғары болмақ. Өңірде егіншілік мәдениетін көтеру, мал шаруашылығын асылдандыру жұмыстарына басымдық бе­ріл­ген. Мем­лек­ет әлеуметтік бағ­дар­лама­лар­дың толықтай өтелуін бақы­лау­да ұстап, қолдау шара­ларын кеңітуде. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілі мекендейтін өңірдің жарасты тіршілігі, бауырмал ықыласы бүкіл жетістіктеріміздің тіре­гі саналады. Осының бәрі Бела­русь Республикасымен ынтымақтастық байланыс үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Гродно облысының губернаторы Владимир Кравцов өз кезегінде аймақтың негізгі даму бағыттары, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық байланыс­тар көкжиегі туралы баяндады. Адамдар жүрегін жылытатын кез келген қадамдарға қолдау білдірілетінін мәлімдеген ол нақты ұсыныстарын да ортаға салды. Мәселен, кездесу барысында Ақмола облысынан ай сайын 7-8 мың тонна бидай алып тұруға уағдаластық қадам жасады. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Облыс әкімі жұмыс сапары аясында ауыл шаруа­шылығы, құрылыс, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы нысандарында, «Грод­ноинвест» еркін экономикалық айма­ғының кәсіпорындарында болды.  

Республика басшылығындағы риясыз әңгіме

Сапар барысында Ақмола облысының әкімі Беларусь Республикасының Вице-премьері Михаил Русыймен кездесті. Басқосуда М.Русый: «Қазақстандағы Ақмола облысы делегациясы біздің елге биылғы бірінші сапарын бастап отыр. Әйткенмен, ол бірлесіп істейтін жақсы жұмыстардың да бастамасы болмақ. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, біз аймақаралық ынтымақтастық үдерісіне көштік. Өйткені, бұл қадам оңтайлы шешімдер қабылдаудың тиімді әрі қысқа түрі болып табылады. Қазір Көк­шетау қаласында 6 гектар аумаққа орна­ласатын «Қазақстан-Беларусь индус­триялық-технологиялық паркі» бірлескен жобасының құрылысы басталды. Бұл екіжақты тауар айналымын кеңейтуді ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға, зама­науи технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін қуатты жоба. Бұл бағытта белсенді қызмет атқаруға мүд­деліміз», деп атап көрсетті. Облыс басшысы Минск қаласында Бе­ларусь Республикасының Ауыл шаруа­шылығы министрі Л.Зайцпен, Өнеркәсіп вице-министрі И.Демидовичпен кездесіп салалар бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сондай-ақ, делегация мүшелері Минск трактор зауытында болды.  

Сапар барысындағы сұхбат

Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов Беларусь Республикасына сапары барысында сол елдің облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізіп, сұхбат берді. Сұрақ: Құрметті Қосман Қайыр­тай­ұлы! Сіздің Беларусь еліне сапарыңыз біз­дің мемлекеттеріміздің өзара ынты­мақ­тастығының айқын көрінісі болып табылатыны анық. Оның барысында Гродно және Ақмола облыстары арасындағы екіжақты келісім немесе жобалар қарастырыла ма? Жауап: Ақмолалық делегация мүшелері Гродноға тәжірибе алмасу үшін келіп отыр. Бүгінгі таңда сіздердің елдеріңіздің сүтті мал шаруашылығындағы қол жеткен көр­сеткіштеріңіз өте нәтижелі. Біз өз облысымызда агроөнеркәсіп кешенінің осы бағытын неғұрлым тиімді еткіміз келеді. Ол үшін сіздердегідей шаруашылықтар құруымыз қажет. Біз мүдделеріміз бір арнада тоғысатын салаларда бірқатар келісім-шарттарға қол қоятынымыз анық. Бұл ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласында аграрлық қалашықтар құру бағдарламасы, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық сала. Бізде осы мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік туындап отыр. Сұрақ: Ақмола облысы өз кезегінде қандай жетістіктерін ортаға сала алады және осыған байланысты Гродно облысы үшін екіжақты ынтымақтастықтың қандай қолайлы мүмкіндіктері бар? Жауап: Біздің облыста жоғары сапалы бидайдың еліміз бойынша төрттен бір бөлігі өндіріледі. Оны өңдеу, соның ішінде ұн өнеркәсібі жақсы жолға қойылған. Астық өндірудің жылдық орташа көрсеткіші 4,3 миллион тоннаны, соның ішінде экспорт 1,7 миллион тоннаны құрайды. Облыстың үлесіне республикада өндірілетін сүттің 6,7 пайызы, еттің 4,7 пайызы тиесілі. Астық түсімін арттыру үшін химия саласына, соның ішінде минералды тыңайтқыштар өндірісіне, озық агротехнологияларға көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда Гродно облысында біздің астық және құрамажем өнімдерімізге сұраныс бар. Ақмолалықтар мұндай көмекке әрқашан дайын. Сонымен бірге, облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту реформасы да жүргізілуде. Сон­дықтан, мемлекеттің қолдауымен көп­қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағ­дар­ламасы бойынша да тәжірибе бөлісе аламыз. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде жаңа кәсіпорындар құрылуда. Биылғы жылдың мамыр-маусым айларында Гродно облысының делегациясын да біздің өңірге шақырып отырмыз. Сұрақ: Кеден одағы шеңберінде біздің елдеріміз арасында сауда-саттық жолға қойылған. Аймақтардың дамуы үшін бұл бағытта кедергілер бар ма? Жауап: Ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Цифрлар екіжақты тиімді бай­ла­ныстың нығайып келе жатқандығын көр­сетеді. 2013 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында Беларусь Республикасы мен Ақмола облысы арасында сыртқы сауда айналымы 19 миллион 49 мың долларды, соның ішінде экспорт бойынша 125,5 мың, импорт бойынша 18 миллион 923 мың долларды құрады. Экспортта подшипниктер, түсті металдар, импортта ет өнімдері, тракторлар мен пластмассалық бұйымдар негізгі орынды алады. 2012 жылдан бастап облыста «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника мен құрал-жабдықтардың бірлескен Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Оның ғылыми-конструкторлық, оқу орталықтары, қажетті қоймалары мен сервистік қызметі бар. Мұнда 232 жаңа жұмыс орны құрылған. Жобаның жалпы құны – 1,5 миллиард теңге. Оны «Вираж Холдинг» ЖШС-ға кіретін «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС іске асыру үстінде. Облыс орталығында осы мақсатқа бөлінген алты гектар жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қазір облыс аумағында сіздерде шы­ға­рылған ауылшаруашылық техникасына сервистік қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер сату жөніндегі 6 диллерлік компания жұмыс істейді. Олар «Вираж» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ сервистік орта­лығының филиалы, «Енисей-Көкше» БК» ЖШС, «АгромашХолдинг-РК» ЖШС, «Агросервис БК» ЖШС, «Белагро» ЖШС. Біз 2010-2012 жылдары 402 дана «МТЗ» тракторларын сатып алдық. Өңірде бес мыңнан астам «Беларусь» тракторы бар. Беларусь Республикасы жоғары дамыған индустриялық-аграрлық ел екендігін жә­не мұнда ауылшаруашылық өнімдерін шы­ғару жақсы жолға қойылғандығын, ет пен сүт мол өндірілетінін ескере отырып, облыс аумағында ауыл шаруашылығы және коммуналдық салаға қатысты техникалар шығару, астықты сақтау, майлы дақылдарды өңдеу жөнінде элеватор кешендерін құрастыру, дәнді дақылдар өнімдерін тереңдетіп өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құруды тиімді деп білеміз. Целиноград ауданының Қосшы ауылында жылына үш мың тонна ет өнімдерін өндіретін «Қазметротест» ЖШС құрылысын жүргізу жоспарлануда. Өздеріңіз байқап отырғандай, Ақ­мо­ла облысы экономиканың дамуына инвес­тициялар құюда зор әлеуетке ие. Сон­дықтан, біз ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін кез келген ұсынысты қарас­тырып көруге әзірміз. Осы айтылған мәселелер Беларусь Республикасындағы инвесторлардың біздің өңірге ықыласын арттырады, ал, бұл өз кезегінде біздің өзара қарым-қатынасымызды нығайтады деген сенімдемін.

Меруерт ПАЛМАХАНОВА,

журналист,

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».