• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

Ұстанымдар ұқсастығы көрінген конгресс

300 рет
көрсетілді

Еуропа халықтық партиясының (ЕХП) шақыруы бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастаған делегация Дублинде өткен XXIІ конгреске тұңғыш рет қатысты. Еуропа халықтық партиясы жалпыеуропалық консер­ва­тивтік центристік саяси партия болып табылады. Бүгінгі таңда ол – Еуроодақтың билеуші сая­си партиясы. ЕХП Еуропа Ода­ғының, сонымен қатар, Еуропа Кеңесінің барлық сая­си институттарында өкілдік ете­ді. Партия құрамына 40 ел­дің ұлттық партиялары ен­ген. Еуропа мемлекеттері мен үкі­меттерінің 21 басшысы, Еуропа комиссиясының 13 мүшесі ЕХП мүшесі болып табылады. Конгресс жұмысына 39 елден 2000-нан астам өкіл келді. Дублинге күллі Еуропа бойынша ЕХП-ға мүше партиялар атынан де­легаттармен қатар, Еуропа Ода­ғы институттарының басшы­лары, мемлекет және үкімет бас­шы­лары, министрлер, ұлттық жә­не Еу­ро­па парламентарийлері жиналды. Аталған съезд Еуропа Одағын одан әрі институттандырудың жаңа кезеңін белгілеп берді. Съез­де алғаш рет Еуропа ко­мис­сиясы Президентінің орын­та­ғына партия атынан жалғыз кандидат сайланды. Конгресс жұмысы аясында Б.Байбек ЕХП Вице-президенттері Марио Дэвидпен және Германия Бундестагының вице-президенті Питер Хинт­цемен кездесті. Сон­дай-ақ, Еуропа зерттеулер орталы­ғы­ның төрағасы Вернар Фассла­бендпен, Германия Хрис­тиан-демократиялық одағы­ның (ХДО), яғни билеуші партия­сы­ның басшылығымен, ЕХП көш­­басшыларымен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында цен­­тристік идеологиядағы еуро­палық партиялармен ынты­­мақ­тас­тықты тереңдету мәсе­лелері талқыланды. «Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төра­ғасы Н.Ә.На­зар­баевтың «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы шең­бе­рін­де қойған жаңа стратегиялық мін­­деттері «Нұр Отанның» стратегияны жүзеге асыруда саяси көшбасшылық жүктелген партия ретіндегі рөлін арттырып отыр. Бүгінгі күні «Нұр Отан» сайлау­шылардың мүдделеріне, азамат­тардың әл-ауқатын арт­тыруға кө­бірек назар аудару ар­қы­лы қо­ғам­ды тұрақтандыру мен бірік­тірудің негізгі құралдарының біріне айналды. Біздің партияларымызды центристік идеология мен «Нұр Отан» партиясының Доктринасында, сондай-ақ, Еу­ропа халықтық партиясының тұғыр­намасында белгіленген ортақ кон­сер­вативтік құндылықтар бірік­тіреді», – деп атап өтті Б.Байбек. Екіжақты кездесулер бары­сында Б.Байбек Қазақстан Рес­пуб­ликасының интеграциялық үдерістерге қатысуының жоғары маңызын атап өтті: «Мемлекет басшысы белгілеген ішкі саяси күн тәртібі әріптестерімізбен екіжақты мүдделер тұрғысынан тең дәрежелі әріптестікке Қазақстанның ашық екендігін меңзейді. Біз үшін инте­грациялық бірлестіктерге қаты­су экономикалық құрылысы ұқ­сас үлкен нарыққа жол ашып, елімізге, оның ішінде инно­ва­ция­лық өндірісті дамытуға ірі инвес­тициялар тартуға мүмкіндік бере­ді», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. «Егемен-ақпарат».
Соңғы жаңалықтар