Президент Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды. Осы ұсыныс қазақстандық педагогикалық қауымдастықтың көңілінен шықты.
Соңғы жылдары еліміздің орта білім беру саласында елеулі реформалар қолға алынып, бұл жүйелі түрде іске асуда. Олардың ішінде бағалау жүйесі, білім беру бағдарламасы, педагогикалық тәсілдер жаңартылды. Сонымен қатар инклюзивті білім берудің жаңа саясаты қолданысқа енгізілді. Ал «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мамандығының қоғамдағы беделінің артуына және олардың еңбекақысының өсуіне едәуір ықпал еткенін білеміз.
Осы үрдістердің жалғасы ретінде Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Аталған бағдарлама педагогикалық білім беруге жаңа бетбұрыс жасайтынына кәміл сенімдіміз. Адами капиталдың сапасын арттыру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі. Ал қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты.
Отандық педагогикалық жоғары оқу орындары біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыда болашақ мамандардың сапасына жете мән берген дұрыс. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – сапалы педагогикалық білім беруді басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны. Университет ұжымы Мемлекет басшысы атап өткен міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспарлар да қабылданады. Бұл шаралар Президент ұсынған бағдарламаның сәтті жүзеге асуына, еліміздегі мұғалім тапшылығын жоюға өзіндік ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Гүлмира ҚАНАЙ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры
АЛМАТЫ