Бұрынғы бабаларымыздан қалған «Бірлік болмаған жерде – тірлік болмайды» немесе «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейтін ескі сөз бар. Бұл атүсті айтыла салған дүние емес. Сонау шыңырау жылдарды артқа тастап, ғасырлар қойнауынан шыңдалып, уақыт бедерінен сұрыпталып, халқымыздың санасына терең сіңіп, бұлжымас ақиқатқа айналған ұғым. Өйткені береке мен бірлік бұзылса ұлыстың іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалады. Бұны бұрынғы қазақ атамыз жақсы білген. Сол себепті, қоғамның қабырғасы қақырамай, түтіні түзу ұшу үшін береке мен бірлік аса қажет екенін ежелден білген. Осы жолда басын бәйгеге тіккен.
«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап» деп, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов айтқандай, болашақтың баянды болуы мен ұрпағымыздың аман-есен өмір кешуінің кепілі – тыныштық пен бейбітшілікте һәм береке мен бірлікте. Үлкен қаламгер Әбіш Кекілбаев: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды, барымызды бағалай білейік, жоғымызды түгендеуге кірісейік, ағайын. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін тәубемізден жаңылмайық, тәуекелімізден тайынбайық!» деген екен. Қандай керемет сөз!
Расында бағын бағалай білмегеннің соры алда. Ертеректе өмір сүрген атақты Қаблиса жыраудан бізге: « – Бақ, қайда барасың? – Елімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі, Ұйымшыл елге барамын» деп келетін аса құнды тәмсіл жеткен. Сол сияқты, әз-Тәукенің заманында өмір сүрген дала данышпаны Әнет бабадан бата алуға келген жас бала Төле: «Баба, бірліктің белгісі қандай?» деп сұрайды. Қарт би жауап айтпас бұрын әуелі бір бума шыбық алдырып, «Балам, мынаны сындыр?» дейді. Төле жөргемдеп буылған бума шыбықты сындыра алмайды. Содан қарт баба шыбықтарды бумадан суырып, Төленің қолына бір-бірлеп ұстады да «Ал, енді сындыр!» дейді. Төле түгел сындырады. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала:
– Бірлігі бекем жұртты жау алмайды, дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, ұлым ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.
Бірлік мәселесінде Абай атамыздың да ерекше пайымы бар. Алтыншы қарасөзінде: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дегенді көлденең ұстай отырып, «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейді. Абай атамыз айтып отырған бұл түсінікті тәпсірлесек, ақылға бағынбаған бірлікті нәпсі билеп алады.
Ақырында бірлігін нәпсі қалауына айырбастаған қауым – жаман мен жақсыны, зиянды мен зиянсызды ажырата алмайды. Нәтижесінде, бүтін қоғам бүлінеді. Осындай алмағайып оқиға туған жағдайда, халық ақ пен қараны ажыратып түсінсе – пайдасы өзіне, егер де ажырата алмаса, пайдасы жауына. Берекесіздік немесе бүлікке құмартушылардың дені – жүйе өзгерсе, бақытқа кенелеміз деп армандайды. Түк те олай емес.
Жалпы бүліктің тамыр жая бастағанын аңғару адамдардың сұңғылалығы мен аңғарымпаздығына байланысты. Абайдың сөзімен айтқанда, «жүрек көзі» барлар ертерек аңғара алады. Яғни бүлік тұман басқан биік тау сияқты, оны көрмей қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл мәселе жайлы үлкен ғалымдар «Бүлік ақиқат пен жалғанды айыра алмайтын адамдарға келеді» дейді.
Сөйтіп, адамдар асығыстық танытып, күмәнді бастамаларға еріп кетеді де, тыныштықтан айырылады. Адам аяғына нық тұрып, асығыстық танытпаса және күмәнсіз дұрыс шешімдер қабылдаса, сол қоғам, сол орта, сол қауым, сол мемлекет нағыз жетістікке жетеді.
Абай атамыз 14-ші қарасөзінде: «Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын ісі» депті. Бабамыздың осы пайымын қазіргі күн ахуалына қарай тәпсірлесек, әлеуметтік желілердегі «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағытталған айқай-сүрең, бүгінгі өміріне разы-қош емес әсіре «батырлар» әрекеті сөз жоқ «айда, батырлатулар». Басқа ештеңе емес. Сөйтіп, айда батырлатамыз деп жүріп «жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» (Абай).
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, берекесіздік, бүлік ешқашан жақсылыққа апармайды. Атақты Әйтеке бидің «Біз үш жүздің баласы, Керіспейік, келісейік, Егер керісер болсақ, Онда бізге хандық түгіл, Ондық та бұйырмайды» дегені сияқты Алаш баласы ақылға келгені жөн.