• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қаңтар, 2022

Тарихымыздың ұлы тұлғасы

1894 рет
көрсетілді

«Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірибесі ерекшелеп тұратын. Ол өзіне халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең асыл қасиеттерін сіңіре білді».

Нұрсұлтан Назарбаев,Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

...1993 жылдың 22 тамызы. Кеш­кі сағат 21 шамасында Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың қабылдау бөлмесінен телефон соғып, Президент сөйлесетінін айтты. Мен ол кезде Премьердің орынбасары қызметінде едім. Ол жылдары, яғни мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Мемлекет басшысының кез келген уақытта телефон соғып, күтпеген тапсырмалар беріп, немесе кейбір жағдайларды сұрап, анықтап жататыны үйреншікті жағдай болатын.

– Суық хабар естідің бе? – деді Президент, қатқыл үнмен.

– Жоқ, – дедім сасқалақтап.

– Димаш Ахметович қайтыс болыпты. Талдықорған жақта. Алакөлде. Менің жарлығыммен мемлекеттік жерлеу комиссиясы құрылады. Төрағасы Асанбаев (Ерік Асанбаев ол кезде Вице-Президент лауазымында), сен орынбасарысың. Денесін жеткізуді ұйымдастыр. Таңертең сағат тоғызда маған келіңдер. – деп қысқа қайырып, Президент сөзін аяқтады...

Әуелде аңтарылып, үн-түнсіз отырып қалдым. Жуырда ғана телефонмен сөйлесіп едім. Дауысы ашық, көңілі жақсы, денсаулығы қалыпты, сергек еді. Күн сайын таза ауада бір-екі сағат серуендейтінін айтқан.

Біраздан кейін есімді жиып, жан-жақпен хабарласып, мән-жайды сұрас­тырып, денесін Алматыға жеткізу қамы­на кірістім... Сол күні аптаның жексен­бісі болатын. Бұрынғы жүйе, әртүрлі мемлекеттік құрылымдар түбегейлі өзге­рістерге ұшырап, экономика, тұрмыс құлдырап, әлі жаңа реформалар жүре алмай жатқан кез.

Бірақ тәуелсіздік деген қасиетті сөздің құдіретімен халықтың рухы асқақтап, еңсесі көтеріліп, шын мәнінде еркіндіктің дәмін татып, серпілген шағы да осы кез болатын.

Тәркіленген тарихымыз бен ұлт бостандығы үшін күресіп, құрбан болған тұлғаларымызды еске алып, олардың еңбектерін жарыққа шығару шаралары басталған.

Дінмұхамед Ахметұлы да өзінің дәрігері Мүліков Ахат Әминұлының айтуынша сондай игілікті шаралардың біріне ел азаматтарының құрметтеп шақыруымен жолға шыққан екен. Сарқан қаласында Алаштың арда ұлдарының бірі, өткен ғасырдың 30 жылдарындағы Мәскеу билігінің пәрменімен жүргізіл­ген саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхамет­жан Тынышбаевқа ескерткіш ашу сал­танатына барып, сөз сөйлеп, елдің құрметіне бөленіпті. Сарқандағы салтанат, жергілікті халықтың ақжарылқап қошеметінен кейін Алматыға қайтпақ болған ағамызды ел азаматтары Алакөл жағасына барып, көңіл сейілтіп қайтуға қолқалап шақырғандарын қимай, сол жаққа бет түзеген. Бірақ барғаннан мазасы болыңқырамай, қысқа уақытта кері қайтпаққа ыңғайланған сәтте ұзақ жылдар жанында серігі болып жүрген жеке дәрігері Ахат Әминұлының көз алдында мәңгі сапарға аттанып кетіпті...

...Осындай төтенше жағдайда, әрі жексенбі күні жауапты адамдарды орнынан табу да қиын. Әйтеуір зорға деп сол кездегі аэропорт бастығы Николай Сегединді тауып, Талдықорғанға шұғыл самолет жіберуін тапсырдым.

Димаш Ахметұлының туған інісі академик Асқар Ахметұлына, Кеңес Аухадиевке хабарласып, түнгі сағат екі жарым шамасында Талдықорғаннан келген самолетті қарсы алдық...

* * *

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Дінмұхамед Ахметұлы – өз заманының перзенті болған ірі тұлға, көрнекті қайраткер. Қонаев жоғарғы қызметке келген уақыт­тың аса күрделі, қайшылығы көп кезең болғанын білесіздер. Алайда осындай қиындықтарға қарамастан, елдің дамуы үшін қолынан келгенін жасады. Республикада құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының дамуы ілгерілей түсті. Елсіз жерлерде жаңа қалалар мен елді мекендер пайда болды. Сонымен қатар Димекең ғылымның, өнер мен мәдениеттің қарыштап қанат жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Алды кең, жаны жомарт, парасатты жанның өнер адамдарына қолдау көрсеткеніне талай рет куә болдым. Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылық жасады. Бұл тұрғыдан алғанда Дінмұха­мед Ахметұлы – айрықша ардақтау­ға лайықты қарым­ды қайраткер. Сондық­тан біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тари­хы­мыздың тегеурінді тұлғасы деп баға­лауы­мыз керек», деп өте салмақты әрі ғибратты баға берген.

Тәуелсіздік ұғымының теңдесі жоқ. Кезінде, яғни Одақ құрамында болғанымызда біздің республикамызды өз ұлтымыздың ұланы басқаруы да арман болғаны ХХ ғасырдағы тарихымыздан белгілі. Дінмұхамед Ахметұлы республиканың бірінші басшылығы қызметіне келген он бір адамның қата­рын­дағы небәрі екінші қазақ. Димекең ресми билік лауазымынан кеткеннен кейін республикаға мүлдем бейтаныс Г.Колбиннің келуін ұлттық намысымызды қорлау деп қабылдаған жас­тар 1986 жылдың 17 желтоқсанында наразылық шеруіне шығып еді. Сондай-ақ жанға батқаны – сонау сұрапыл соғыс жылдары Қоңырат, Риддер тау-кен өндірістерін көтеріп, 1942 жылдан Қазақстан Үкіметі құрамында, Қазақстан Компартиясының бірінші басшысы, КОКП Саяси Бюросының мүшесі, Ғылым академиясының Президенті лауазымдарында елге өлшеусіз еңбек еткен дара тұлғамызға бір ауыз алғыс сөзін қимаған КОКП Бас хатшысы М.Горбачевтің елімізге көпе-көрнеу көрсеткен өктемдігі болатын. Ерін кемсі­ту – елді кемсіту, мұқалту, менсінбеу.

Билік ауыстыру кезінде қоғамның бірқалыпты тыныштығын қамтамасыз ете алу да өркениеттің көрінісі болса керек. Өкінішке қарай, ол жолда, яғни 1986 жылдың желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті, оның Бас хатшысы М.Горбачев өзінің қасаң саясатын ұстанып, өркениеттен алшақтығын көрсетті.

Д.А.Қонаевқа қиянаттың үлкені де, әрі әділетсізі де ол кісі қызметтен кеткеннен соң бірін-бірі қуалаған толқындай бірде өршіп, бірде жер бауырлаған жыландай жылыстап, Н.Ә. Назарбаев билікке келген 1989 жылдың жазына дейін жалғасты. Колбиннің тапсырмасымен 30-шы жылдардың әдіс-тәсілдерімен жүргізілген тергеу әрекеттерінің өзі неге тұрады десеңізші. Қонаевтың тек ресми лауазымын ғана сырттан білетін кейбір адамдар әртүрлі тапсырмалармен оны ғайбаттап, Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетіне, Горбачевтың, Лигачевтың атына «домалақ арыз» тоғытып, өздерін шындық үшін «бітіспес күрескер» етіп көрсетуге машықтанды. Сол кез­де­гі қызметіме байланысты ондай арыздар­дың біразымен таныс болдым. Олардың көпшілігі негізсіз, «жаптым жала, жақтым күйе», «Қонаев ұлтшыл, рушыл, жершіл», «Өзін көрсету үшін Алматыда монша, санаторий, музей тағы басқа нысандар салдырды» сияқты долбарлар.

Дінмұхамед Ахметұлы қайыспас қара нардай осындай әділетсіздікті де, қиянатты да көтерді. Әрине, жүрегіне салмақ, көңіліне қаяу түсті. Алайда бір қызығы Димекеңді жамандап, талай адам өсті. Бұл – ежелден орныққан «бөліп ал да, билей бер» отарлық саясаттың әдіс-тәсілдері екенін қазақ баласы білгені жөн.

* * *

Кеңес Одағының құрамында болған кеңестік Қазақстанның экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғы­лым, білім, өнер, мәдениет, әдебиет сала­ла­рының өркендеп, өсуі, дамуы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаевтың рес­публика мүддесіндегі қайраткерлік еңбегінің нәтижесі деуге толық негізіміз бар. Қазақстан сол жылдары Кеңес Одағындағы 15 республиканың алдыңғы қатарында көп көрсеткіштер бойынша Ресей, Украинадан кейінгі орында болды.

Республика еңбеккерлері Одаққа жыл сайын миллиондаған тонна астық, мал өнімдерін тапсыратын. Қазақ­стан­дағы ірі металлургия тау-кен, мұ­най, газ, көмір, қорғасын, мырыш тағы басқа кәсіпорындардың 93 проценті Одақтық кәсіпорын саналып, оның өнімдері, қаржы, технология, жоспарлау, әлеуметтік мәселелері Мәскеу бақылауымен, солардың келісімімен жүргізілетін. Бұл – бүкілодақтық экономикалық жоспарлы жүйенің талаптары, тәртібі болатын.

Республика экономикасының күй­реуі Одақтық экономикалық жүйенің күйреуімен тікелей байланысты болды.

Кеңес Одағы кезінде КОКП Орталық Комитетінің ерекше бақылауда ұстаған жұмысы – партиялық-мемлекеттік аппарат, басқарушы кадр мәселесі болды. КОКП Орталық Комитеті ұзақ жылдар бойына Қазақстанның респуб­лика билігіне, кейбір облыстар басшы­лығына Орталықтан, Мәскеуден, Ресей өңірлерінен адамдар жіберілетін тәжірибесін Дінмұхамед Ахметұлы билікке келгеннен соң азайтып, жергілік­ті халықтың талап-тілегімен санаса бастаған. Алайда КОКП Орталық Коми­теті ол ежелгі өкілдік тәжірибесінен түбегейлі бас тарта қоймады. Әсіресе, Димекеңнің қызметтен кететін 1986 жылы КОКП Орталық Комитетінің екінші хатшысы Егор Лигачевтің, Бас хатшы М.Горбачевтың пәрменімен Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс­тары басшылығына, Алматы қаласына Мәскеуден Қазақстанға еш қатысы жоқ, республикамызды мүлдем білмей­тін КОКП Орталық Комитетінің қыз­меткерлері жіберілді. Қазақстан қоғамы мұндай шешімдерді Дінмұхамед Ахмет­ұлының пікірімен санаспаушылық деп қабылдады. Шыны да осылай болатын. Және Мәскеудегілер бұл шешімдерді жайдан жай қабылдамағаны да елге аян болды. Осындай қадамдар арқылы республика бірінші басшысының кімге тәуелді екендігін елге, қоғамға көрсе­ту еді. Димекең Горбачев билігі­нің жоғарыдағыдай шешімдерімен келіспейтінін де ашық айтқан. Үстем билік осылайша елдегі тыныш жағдайды өзгертуге мүдделі болды.

Қалай болғанда да Димекеңнің қай­ратты, кемел шағында Қазақстанда басшы кадрлар өсіп, жетілді. Респуб­лика басшылығында, оның салалық министрліктерінде, өңірлерде, партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымда­рында жүздеген, мыңдаған жас мамандар қоғамдық жұмысқа тартылып, жан-жақты қоғамдық мектептерден өтіп, еліміздің халық шаруашылығында, өндіріс орындарында, партиялық, кеңестік жетекшілік қызметтерінде адал еңбек ете алды. Олардың көпшілігі өзінің біліктілігімен, қоғам, мемлекет ісіне адалдығымен Қазақстанның жаңа дәуірінде де абыройлы еңбек ету мүмкіндігіне ие болды.

Дінмұхамед Ахметұлы партиялық басқару жұмысында адамдар тағдырына, басшылыққа ұсынылған адамның мінез-құлқына, адалдығына және әділдігіне, адамдармен сөйлесу қабілетіне, ішкі, сыртқы мәдениетіне айрықша мән беретін. Қандай мәселе болса да оны жан-жақты терең зерттеп, қорытынды шығаруды үйрететін. Апыл-ғұпыл сапырылыстықты, «атүстілікті» жаны сүймейтін. «Ширақтық пен жылдамдықты қарбаластықпен шатастырмаңдар», «аспай-саспай, жаман жерді баспай жү­рің­дер», «тапсырмаларыңды орындай алатын мезгілге беріңдер» деген сияқ­ты күнделікті қайнаған тіршілікте орнық­тылық ауанын қалыптастырып жүретін.

Жоғарыда айтып отырған жайттарым – кезінде Дінмұхамед Ахметұлының сенімімен, қамқорлығымен, қолдауымен он жылға жуық Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынымымен Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­те­тінің мәдениет, партиялық ұйым­дас­тыру бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқару сенімі мен бақытына ие болып, жақын жүріп, өзіндік өмір мектебінен өтіп, талай әңгіме-сабақ алып, көп өнеге үйреніп, адам танып, қоғамдық-ұйымдастыру жұмыстарының қыр-сырына тереңдей түскен жылдарым болды. Әрине, бұл кезең менің жеке өмірімнің зор байлығы.

Дінмұхамед Ахметұлы, әсіресе лауазымды қызметкерлерді белгілі, негізделген себептермен орындарынан ауыстыру немесе босату шешімдеріне өте мұқият қарайтын. Алдымен сөзіңді бөлместен, тіпті кейде алдын ала біліп отырса да өте зейін қойып, тыңдайтын. Сұрақтарын қойып, себептерін анықтай түсетін. Босатылуға келісім берген жағдайда ол адамның қайда баратынын, қандай қызметке орналасатынын, тіпті зейнетке шығып жатса – қандай зейнетақы алатынын, тұрмыс жағдайын қамтып, денсаулық жағдайын сұрастыратын. Әлдеқалай көмек қажет болып жатса – ондай мәселелерді созбалақтатпай дер кезінде шешілуін бақылауды тапсыратын.

Ол жылдары республикада 19 об­лыс­тық, 321 қалалық, аудандық партия комитеттері бар. Әсіресе, 2-3 жылда бір рет өтетін партиялық есеп беру конференцияларына дайындық кезінде кадрлық жұмыстар көбейіп, ауыс-түйіс жиілеп, оларды үйлестіру, кейбірін жедел шешу қажеттіктері күн сайын көтеріліп жатады. Мен сол партиялық ұйымдастыру бөлімінің басшысы ретінде кейбір күндері бірінші хатшыға екі-үш ретке дейін кіріп, бірнеше рет телефонмен байланысып, жағдайды баяндап, әрі кейбір мәселелерді келісіп тұруға міндеттімін. Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетімен тікелей байланыс, әртүрлі ақпарат, басқа да жедел тапсырмалар негізінен мен арқылы жүреді. Облыс басшыларымен байланыс та екінші кезекке қалдырылмайды.

Бір жолы бір ауданның бірінші басшысын ауыстыру туралы алдын ала тексерулер қорытындысы бойынша Димекеңе баяндап, келісімін алған едім. Ол «кінәм жоқ» деп Димекеңе кіріпті. Кабинеттегі Димекеңнің тікелей телефоны шыр етті.

– Әй, Сұлтанов, сендер мына азаматты (аты-жөнін айтып) жазықсыз босатыпсыңдар ғой, – деді Димекең ренішті кейіспен. Әлгі азаматқа қатысты құжаттарды көтеріп, Димекеңе қайта көрсетуге тура келді. Димекең қайта қарап шыққан соң, бөлім ұсынысының әділдігін құптады.

Әр жастағы аудан, облыс басшылық­тарында, шаруашылық, кәсіпорындар ұйымдастырушыларын, қоғам қайрат­кер­лерін олардың еңбектеріне қарай жас мамандардың тәжірибе жинақтап, белгілі бір салаларда өсіп жүргендерін қадағалап, жадында сақтап жүретін. Шешуші сәттерде ондай тұлғалардың лайықты қызметтерге орналастыруларына маңыз беретін.

Димаш Ахметұлының әсіресе өнер, ғылым адамдарына, талантты тұлға­ла­рымызға қамқорлығы ерекше болатын.

Мәдениет бөлімінің басшылығында жүргенімде Димекең;

– Сен Мәскеуге Шауроға бар, мы­на Нұрғиса Тілендиевтің халықтың сүйік­­­­ті композиторы екенін түсіндір, Кеңес Одағының Халық әртісі атағына ұсы­на­­тынымызды айт. Еркінбеков пен Сауда­баевқа да тапсырма бер, құжат­тарын да­йындасын, – деді. (Ол жылдары Жексембек Еркінбеков – Мәдениет минис­трі, Қанат Саудабаев – орынбасары).

Василий Филимонович Шауро, ұлты беларусь, КОКП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі – өнер адамдарына тапсырылатын құрметті атақ, басқа марапаттар мәселесі Бас хат­шыға, Секретариатқа жетпес бұ­рын осы бөлімде қаралып, шешім қабыл­данып, ұсыныс беріледі. Василий Фи­ли­моновичпен алғашқы кездескеннен әңгімеміз жарасып, қатынасымыз жақ­сы еді. Көп мәселеде лауазымды адам­дардың арасындағы өзара түсініс­тік пен достық қарым-қатынас та оң ше­шімге негіз болатыны жаңалық емес.

Халықтың сүйікті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздарына Димаш Ахметұлының тапсырмасымен үй беріліп, жағдай жасалып, оның ұйымдастырушысы, жетекшісі 1984 жылы Кеңес Одағының Халық әртісі құрметті атағына ие болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы осы игі дәстүрді жалғастырып, ұлтымыздың ұлы композиторына Халық Қаһарманы атағын тапсырып, ұлттық өнердің мәртебесін көтерді.

Димаш Ахметұлының қызметінде өнер, ғылым, білім, қарапайым еңбек адамдарына осындай қамқорлық шешім­дері орасан көп. Ел ішінде Димекеңнің шапағатын көріп, батасын алған адамдар әрқашан ондай бақытты сәттерін ерекше сезіммен еске алады.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Қазақстанның экономиканың бар­лық салаларында, аграрлық кешенде, құрылыста, ғылым, білім, өнер, мәдениет құндылықтарының өркен­деу жетістіктері Одақ көлемінде баға­ла­нып, мойындалған дәуір болды. Партия басшылығында одан бұрынғы кезеңдердегі науқаншылдықтан бас тартып, салмақты, салиқалы қау­л­ы, қарарларға бетбұрыс жасалды. Басқа­рушы аппараттың, басшы кадрлар­дың тұрақтанып жұмыс істеуіне мән берілді.

Ресми цензураның өзінде, айқай, шусыз, даңғаза саясатшылдықсыз, өткен тарихымызды, мәдениетімізді зерттеуге ден қойылды. Дінмұхамед Қонаевтың Одақ көлемінде беделі өсіп тұрған кезеңде Ілияс Есенберлиннің Кенесары Қасымовтың ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісі туралы «Қаһар», қазақ хандықтарының ХV-ХІХ ғасырлардағы өмірін, күресін баяндайтын «Жанталас», «Алмас қылыш» тарихи романдары жарыққа шықты.

Л.И. Брежневтің қолдауымен Олжас Сүлейменовтің әйгілі «Аз и Я» монографиясын КОКП идеологтарының талауынан арашалап, алып қалды.

Қазақ мемлекеттігінің қайшылық­та­рына, ауыр жолдарына, оның әр ғасыр­дағы тарихи тұлғаларына арналған Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-Алаң», Мұх­тар Мағауиннің «Аласапыран», Шер­хан Мұртазаның «Қызыл жебе» тарихи шығармалары оқушыларына жол тапты.

Бірақ Мәскеудегі Саяси билік өз билігін орталықтандырып, күшейте түсу ниетінен қайтқан жоқ. Олар сон­дай-ақ ұлттық республикалардың өсіп-өркендеуімен де санаса қоймады. Осын­дай жағдайда ұлттық мүддемізді қор­ғай отырып, өктемдігі басым, алып жүйемен тіл табысып, жұмыс істеу ауыртпалығын көтерген ұлт перзен­ті, тарихымыздың ұлы тұлғасы – Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев екені де ақиқат.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері