Алғаш ағылшын елінде жазылып, кейін кәрі құрлықта жарық көрген Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау» атты кітабы бар. Кітап ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-салтын, мәдениетін, табиғатының тамашасын бейнелеп жазған саяхатшылардың күнделіктері негізінде жазылған екен.
Жинақта Жетісудағы киелі саналатын Тамшыбұлақ жайлы ерекше толғаныспен айтылады. Заманында осы өлкеге ат басын бұрған ағылшын жиһангезі Томас Аткинсон Қапал уезінде жаз жайлап, қыс қыстап, қазақ арасында өмір сүрген-ді. Тамылжыған табиғаттың әсемдігі еуропалық саяхатшылар Томас пен оның әйелі Люсиді таңғалдырғаны сондай, Алатаудың етегінде дүниеге келген ұлдарына Алатау – Тамшыбұлақ деп ат қойған болатын. Сол Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау» кітабын енді қазақстандық оқырмандар да оқи алады. «100 жаңа оқулық» жобасының шеңберінде ағылшын авторларының Қазақстан туралы екі кітабы қазақ және орыс тілдеріне аударылып, басылды. Қос кітапты қазақстандық авторлар Бақытжан Бұхарбай мен Алмас Нұрбақытов аударған екен. Екі кітаптың бірі Қазақстанға екі ғасыр бұрын келген британдықтардың, яғни Томас пен Люси Аткинсондардың сапары туралы баяндайды. Ал екіншісі әр жылдардағы Ұлы дала тарихы туралы зерттеулер мен саяхаттар туралы жинақ. Жақында екі кітап Талдықорғанда оқырмандарға таныстырылды. Онлайн режімде өткен таныстырылымға Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов қатысып, Қазақстан тарихы мен халқының өміріне қатысты осы кітаптың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аударылып, басылып шығуының мәні зор екенін атап өтті.
– Мұндай шаралар тәуелсіз екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бастама деп білемін. Қос жинақ дереккөз ретінде қазақ оқырмандарына маңызы елеулі, әрі қызықты шығарма болады деп ойлаймын, – деді Ерлан Ыдырысов.
Кездесуде «Томас, Люси және Алатау» кітабының авторы Джон Мейсен Стюарт та бейнебайланыс арқылы сөз алып, өз әсерін жеткізді.
– Бұған дейінгі барған сапарымда мен Қазақстанның өзіме жақындығын сезіндім. Сондықтан шығармамның көпшілік қауымға кең таралатынына қуаныштымын, – деді британдық автор.
Сондай-ақ бейнебайланыста «Ұлы дала саяхатшылары» кітабының авторы Ник Филдинг те сөз алып, ризашылығын жеткізді.
– Бірінші кезекте кітабымды аударуға ниет танытқандарыңызға және оны басып шығарып, таныстырып жатқандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Қазақстанға жасаған сапарым әлі есімде. Ондағы халықтың қонақжайлығы есімде сақталып қалды. Сіздердің елдің халқы, дәстүр-салты маған ерекше әсер етті, – деді Ник Филдинг.
Ал шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов 2016 жылы Томас Аткинсонның ұрпақтары Қазақстанға келіп, ертедегі оқиғалардың тынысын сезініп, ата-бабалары жүрген жолдармен жүріп өткенін айтты. Кейін Аткинсондардың саяхаты туралы екі кітап – Джон Масси Стюарттың «Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібірде және Шығыс Қазақстанда басынан кешкендері» және Ник Филдингтің «Ұлы даланың оңтүстігіне: Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға сапарлары» кітаптарын елімізде басып шығару туралы уағдаластыққа қол жеткен екен.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» жобасы – Қазақстанның ақыл-ой мен білімге ұмтылған, әлеуметтік жағынан жауапкершілігі мол жастарды қалыптастыруға бағытталған тың бастама. Соның арқасында біз тарихи мұраларымызды сақтауға, жастарға рухани тәрбие беруге бағытталған жобаны қолға алып, аударып басып отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Алматы облысы