• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қаңтар, 2022

Қиын сәтте қорғаған азаматтарға алғыс

374 рет
көрсетілді

Елімізде орын алған жағдай Шығыс Қазақстанды да сырт айналып өтпегені белгілі. Өскемен мен Семей қалаларындағы шеру соңы қақтығыстарға ұласады дегенді көпшілік күтпеген еді. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сапындағы 69 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды. Десе де, арам пиғылды топтардың қарсылығына төтеп берді.

Алаңға жиналған тәртіп бұзушы­лардың заңсыз әрекетін тоқтатуға полиция қыз­мет­керлерімен қатар «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығы да жеткен. Аран­датушылардың түрлі қысымдарына мо­ральдық-психологиялық тұрғыда та­бан­дылық таныта білген әскери жасақ облыстық әкімдікке ешкімнің басып кіруіне жол бермеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жұмылдырылған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қа­расты 19 әскери сарбаз әртүрлі дәре­­жедегі жарақаттар алды. Оның 8-і Өс­кемен гарнизоны, 11-і Семей гарнизоны бойынша. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің айтуынша, оларға дәрігерлер ем-домдарын жасады, қазір жағдайлары тұрақты.

– Бұл күндері сапқа тұрған әр сарбазға қауіп төнгені белгілі. Қаншама азаматтарымыздан айырылып қалдық. Олар­дың туған-туыстарына «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығының жеке құрамы атынан көңіл айтамыз. Ал осынау қиын сәттерде бізбен бірге болған азаматтарға алғысымыз шексіз. Әсіресе кәсіпкерлер қолдау білдіріп, азық-түлікпен қамтып жатты. Енді мұндай тәртіпсіздіктен сақ­тасын, – дейді Б.Амангелді.

Күштің бірлікте екенін түсінген облыс кәсіпкерлері әскерилерге азық-түлік, ыстық тамақ, сүт өнімдерін әкелді.

– Қыстыгүні күштік құрылымдар күн­діз-түні тәртіпті қорғауда тұр. Сон­дықтан оларға алғыс айтқымыз келеді. Олармен бірге екенімізді, бәріміз бір екенімізді білуі үшін қолдау көрсеткіміз келеді. Ең бастысы, бейбіт өмірге оралып, ұрпақтарымыз алаңсыз өмір сүрсе екен деймін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, – дейді «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Әбітаев.

Сонымен қатар басқа да кәсіпкерлер аймақтағы жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алып, жедел әрекет еткен құқық қорғау органдарына, өрт сөндіру бө­лімшелеріне, медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдірді. Кәсіпкерлермен бірге құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің еріктілері қолдау көрсетті. Көпбалалы аналар да қолдан келген көмектерін аяп қалған жоқ.

Шығыс Қазақстанда бүгінгі таңда жағдай тұрақталған. Облыста азық-түлік тауарларын жеткізуде іркіліс жоқ. Коменданттық сағатқа сәйкес барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер жұмыс істейді. Коммуналдық қызметтер, әлеуметтік нысандар, қоғамдық көлік жұмысы штаттық режімде.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан өңі­рінде 5-9 қаңтар аралығында мың­нан астам адам ұсталып, оның 66-сына қылмыстық іс қозғалды, 7 азамат комендаттық сағатты бұ­зып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы