Жамбыл облысында жағдай тұрақты. Ахуал өңірде құрылған жедел штабтың қатаң бақылауында. Қазіргі кезде Тараз қаласында орын алған террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылған.
Сонымен қатар 269 бүлікші ұсталып, 20 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ 104 әкімшілік іс қозғалуда. Жалпы, қақтығыс салдарынан 15 адам қаза тапты. Оның ішінде 2 азамат құқық қорғау органдарының қызметкері болса, 13 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар болып отыр. Ал облыс әкімдігін өртеген белсенді 4 адам ұсталып, 2 калашников автоматы тәркіленген.
Қаруланған топқа қарсы полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті мен «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының 2 мыңнан астам қызметкері мен 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылған. Бүлікшілік кезінде 283 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген болса, бүгінде 42 адам ауруханада жатыр. Темір жол вокзалында түнгі сағат 23:00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды. Бүгінде қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Облыс бойынша 29 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылған. Облыс, қала аумағына кіріп-шығатын барлық көліктер тексерілуде.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмаларды бақылауға алу, оның орындалу барысын тексеру мақсатында жиын өткізді. Тиісті басшыларға зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, көліктер шығынын есептеу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар өңірдегі жаппай тәртіпсіздікке шамамен 2 мыңға тарта адам қатысқанын, әзірге 269 бүлікші ұсталғанын, басқа да белсенділерді ұстау бойынша шараларды жеделдету қажеттігін айтты. «Арандатушылар мен күдіктілерді анықтау бойынша аудан, ауылдық әкімдіктер мен полиция инспекторлары белсенді әрекет етуі тиіс. Күнделікті мәліметтерді штаб отырысында саралап отырмыз. Халықты жылу, су, газ, жарықпен қамтуда ешқандай мәселе болмауы керек. Президенттің тарифтердің, жанар-жағармайдың, газдың және азық-түліктің бағасын көтермеу, қажетті қорын қалыптастыру бойынша тапсырмалары орындалуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік маңызды тауарлардың жеткілікті болуын, бағасының өспеуін бақылауда ұстаңыздар», деді Б.Сапарбаев.
Жамбыл облысы