• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 12 Қаңтар, 2022

Әлихан Смайылов ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды

283 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын хабарлады.

«Қызыл аймаққа» қайта енген Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалды. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары «сары аймақта» орналасқан.

Бүгінгі таңда 9,4 млн астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 8,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. 670 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті.

«Біздің негізгі міндетіміз – эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы бойынша шараларды күшейту қажет»,  деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге ПТР-тестілеу санын ұлғайтуды, жедел мониторинг жүргізіп, медицина қызметкерлері мен ауруханаларда резервтік орындардың даярлығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуын қадағалауды тапсырды.

Премьер-Министр үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандырып, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет екенін, сонымен қатар дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдау қажеттігіне тоқталды. 

Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге халықты ревакцинациялау қарқынын едәуір арттыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдері бұл мәселені жеке бақылауына алуы тиіс.

Сондай-ақ Үкімет басшысы еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Ел үшін сын сағатта олар зардап шеккендер мен жараланғандарға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Дәрігерлер ауруханалар мен жедел жәрдем көліктерін басып алған лаңкестердің агрессиясын бастан кешірді. Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерге еңбектеріңіз бен батылдық танытқандарыңыз үшін, кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге әзірліктеріңіз үшін алғыс айтамыз!», деді Әлихан Смайылов өз сөзінде.