Соңғы екі жыл көлемінде инфляция мәселесі біздің ғана емес, бүкіл әлемнің басты мәселесіне айналды. АҚШ та, Еуропа да инфляциямен күресіп жатыр. Демек, бұл – ортақ проблема. Бір жағынан біздің инфляция ішкі жағдайлар салдарынан жинақталып қалған түйткілдердің нәтижесі іспетті. Көп тауарды сырттан сатып алуымыз себепті импорттық инфляция да күшіне мініп тұр.
Жалпы, инфляцияға қатысты сөз қозғағанда оның екі қыры бар екенін ұмытпауымыз керек. Бірінші қырын айтайық. Егер Ұлттық банк өзінің мөлшерлемесін жоғарылатса, айталық, 12,15 тіпті 20 пайызға дейін көтеріп тастайтын болса, онда сөзсіз инфляцияны төмендете алады. Бірақ ондай жағдайда экономиканың дамуы тоқтайды және кәсіпкерлер шығынға батады. Өйткені базалық мөлшерлемесі көтерілген жағдайда банк несиесі де көтеріледі. Иә, бұл банк үшін жақсы шығар: жоғары пайыздық мөлшерлемеден көбірек табыс табуға мүмкіндік бар. Бірақ тым жоғары пайыздық мөлшерлеме несиелеуді өлтіретінін де естен шығармау керек. Демек, бұл нұсқаны қолдану орынсыз. Бұл пайда әкелмейді. Бізге кешенді шаралар қажет. Ұлттық банк өз механизмдерін іске қоссын, Үкімет бюджет ережесін сақтап, Ұлттық банк ұсынымдамасын орындасын. Елде әсіресе, өндіріс саласы, оның ішінде халықтық тұтыну тауарлары, шағын және орта бизнесте үлкен реформалар жасалуы керек. Енді инфляцияның екі түрі бар екенін айтайық. Алғашқысы – сұраныс инфляциясы. Сізде жоғары деңгейде сұраныс бар, бірақ ұсыныс жеткіліксіз. Міне, сұраныс пен ұсыныс арасындағы осы теңсіздік бағаны өсіру арқылы реттеледі. Ал егер ұсыныс сұраныстан жоғары болса, онда нарық заңына сәйкес баға төмендей бастайды. Егер біз инфляциямен күрескіміз келсе, бірінші кезекте ұсыныспен жұмыс істеуіміз керек. Ұсыныс, бұл – жергілікті халықтың барлық қажеттілігін өтеп отырған шағын және орта бизнес. Көп жағдайда сұраныс – тұтынушылар (қарапайым халық) тарапынан, ал ұсыныс – бизнес тарапынан туындайды. Осы бағытта жұмысты дұрыс атқара алсақ, бізде ешқандай да проблема туындамас еді.
Айналып келгенде, инфляцияны 3-4 пайызға дейін түсіріп тастау – міндетті түрде орындалуы керек мақсат болмауы тиіс. Неге? Себебі, егер сіз өз еліңіздің экономикасын өте жоғары өсім қарқынымен, мысалы, жылдық 10-12 пайыздық өсіммен қамтамасыз ете алып отырсаңыз, онда 8,9 пайыздық инфляцияға алаңдаудың да еш негізі жоқ. Ал қазір бізде инфляция – 8,9 пайыз көлемінде, ал экономикалық өсім 3 пайыздан әрең асады. Егер біз жақсы экономикалық өсімге жеткіміз келсе, онда көп бизнес жекеге беріліп, шағын және орта бизнесте бәсекелестік қызып, ел осындай нақты нарық механизмдеріне қарай ойысуы қажет. Сол кезде бізге 8 пайыздық инфляция қорқынышты болмай қалар еді.
Арман БЕЙСЕМБАЕВ,
TICKMILL халықаралық брокерлік тобының сарапшысы