Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысындағы сөйлеген сөзінде шетелдік оқу орындарының 5 филиалын ашу керек екенін айтты. Соған байланысты тарқататын болсақ, шын мәнінде де біз өз сорпамызда өзіміз қайнап, әлі күнге дейін ішіміздегі қалыптасқан жоғары оқу орындарын халықаралық деңгейге шығара алған жоқпыз.
КИМЭП немесе Назарбаев Университеті болсын, бәрі шетелдік ғалымдардың, шетелдік білім беру менеджментінің озық үлгілерінде болмаса да, заманауи үлгілерге сай іске асып жатыр. Сондықтан ендігі ашылатын оқу орындары міндетті түрде шетелдік оқу орындарының үлгісімен, солардың филиалы ретінде ашылғаны жөн деп ойлаймын. Және олар әр өңірде болса, артықтық етпейді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылатынын атап өтті. Бұл мұқтаж азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған ауқымды жоба болмақ. Аталған қор ешбір мемлекеттік органға қарамайтын, дербес, нағыз халықтық сипатта болады. Білікті бақылаушысы бар жауапты басшы тағайындалып, қызметі мен бюджеті бұқараға ашық жүргізіледі. «Қазақстан халқына» қорына еліміздегі ірі бизнес нысандары, ауқымды компаниялар мен ауқатты тұлғалар жүйелі түрде аударым жасап тұруы тиіс. Президенттің айтуынша, халық өзіне тиесілі үлесті алатын кез жетті. Осы кезде бұған дейін іске асып келген «Ұлттық қор» не болады, онда қанша қаражат қалды, ол қалай жұмыс істейді деген заңды сұрақ туындайтыны тағы бар.
Ұлтымыздың, мәдениетіміздің тірегі қазақ тілі екені анық. Қазақ тіліне байланысты әлі де болса, жоғарғы билікте түбегейлі, нақты ұстаным жоқ. Әлі де болса жалтақтау, әлі де болса қазақ тілін басқа да бір саяси-экономикалық мүдделерге құрбандыққа шалу болып отыр. Сондықтан осыған байланысты көңіл толарлықтай жағдай жоқ.
Тәлім-тәрбие, білім берудің нақты инструменттерінің бірі – спорт. Мысалы, спортқа байланысты әлі де болса қордаланған мәселелер көп. Олардың ішінде жаттықтырушылардың жетіспеушілігі, қазіргі бар бапкерлердің басым бөлігі – орыстілді мамандар. Сондықтан бүгінгі таңда елордада немесе басқа бір ірі қалада, мүмкін бір орталықта бола ма екен, қазақ ұлттық спорт академиясы ашылуы керек. Және ол жердегі білім беру бағдарламалары тек қана денешынықтыру пәнінің мұғалімі емес, жаттықтырушы деген біліктілік беретіндей бағдарламалар болса екен. Осыған кірісетін уақыт жетті деп ойлаймын.
Президент өз сөзінде әскери күштердің, арнайы жасақтардың жұмысын реформалау, жаңа бағытта жұмыс жүргізу сияқты мәселелерді көтерді. Бұл дұрыс. Осыны пайдаланып бүгінде қажетсіз, ұрыс-соғыс кезінде түк пайдасы жоқ ауыр техника сияқты салаларға оңтайландыру керек. Бұл ретте шекараны күшейту, барлау қызметтеріне баса назар аударылуы тиіс.
Жалпы, қорытындылайтын болсақ, менің ойымша халық кешегі жиынға құлағын түріп, түбегейлі өзгерістер болады деп күткен сияқты. Президент елдің арқасында байлыққа кенелгендер туралы қатаң да, қатал ойларын жеткізді. Бұл ақиқат. Отыз жыл қазынамыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Енді осыған тосқауыл болуы керек деп ойлаймын.
Рамазан САТТАРҰЛЫ,
әлеуметтанушы