• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қаңтар, 2022

Қала күзетіндегі академия офицерлері құрметке лайық

2252 рет
көрсетілді

Алматыда ереуілшілер шеруі басталған күннен бастап қала қауіпсіздігін қорғау құрылымдары үшін дабыл қағылды. ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшылығы тарапынан шұғыл шешім қабылданып, академияның жеке құрамына дабыл жарияланып, арнайы жасақ құрылды.

Ел тыныштығы бұзылып, ереуіл­шілердің іс-қимылдары шектен шығып, қаладағы жағдайды бақы­лауда ұстау қиындай бастаған кез. Қала тұрғындары үшін қауіп күшейе бастады. Дәл осындай кезеңде еліміз­де Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевтың Жарлығымен төтенше жағдай жариялаған сәттен бастап, академия бастығы ретінде жедел жағдайда штаб құрып, кеңес өткіздім.

Сосын бірден әрекетке кірі­сіп кет­тік. Сондай-ақ ішкі істер орган­да­­ры­­ның құқықтық құрылым­дары да қаланы содырлардан азат ету қи­мыл­да­рына көшті. Министрліктің резервтегі күштері – академия басшы­лығының шешімімен құрылған 111 адамнан тұратын арнайы жасақ, оның ішінде тұрақты құрамдағы 72, ауыс­палы құрамдағы 39 офицері мен (№2 факультет тыңдаушылары) Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірден шұғыл қимылдарға кірісті.

Қаладағы маңызды нысандарға бүлікшілер мен деструктивті күштер тарапынан шабуыл үдей бастады. Ереуілшілер қаладағы құқық қорғау құрылымдарының ғимараттарына шабуылдап, маңызды нысандар өрт­ке оранған, бейбіт тұрғындардың өмірі­не қауіп күшейген сәтте бар күш-жігер­лерін салып, анттарына адал болды.

Министрліктің резервтегі күш­те­рі саналатын арнайы жасақ акаде­мия офицерлері мен №2 факуль­тет тыңдаушылары Полиция де­п­арта­мен­тінің гарнизоны, Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге Бай­тұрсынұлы көшесі мен Бөгенбай батыр, Төле би көшелерінің қиылысында орын алған ереуілшілердің шабуылын тоқтатуға әрекет етті. Түрлі қару асынған, граната, сойыл, таспен қаруланған ереуілшілер полиция жасағын қоршап, ыдыратуды көздей отырып, автокөліктерге, мекемелер мен ғимараттарға шабуылын күшейтті. Түтінге оранған көшелердегі тәртіпсіздікті бұғаттау мен ереуілшілерге тосқауыл жасау қаншалықты қиынға соқса да академия офицерлері өзге де қаруластары, қарулы күш сарбаздарымен бірге қиян-кескі соғыстың бел ортасынан табылды. Осы кезде жасақ сапында полиция полковнигі Олег Цой таяу маңда жарылған гранатадан жарақат алып, бетіне тиген жарықшаққа қарамастан, әскери міндетін жал­ғастыра берді. Ереуілшілер академия автокөлігіне тас жаудыра бастады. Жүргізуші Серік Ашраханов пен Мүслім Кожанов­тардың шұғыл әрекеттерінің арқасында әйнегінің сынғаны болмаса, академия көліктері қауіпсіз аумаққа әкетілді.

Жасақтың күштік құрылымын сақ­тай отырып, ереуілшілерді тоқта­ту мақсатында полиция полковнигі Айдос Ескендіров пен отрядтың бі­раз сарбазы Бөгенбай батыр және Масан­шы, Қарасай батыр көшесінің аумағын бақылауға алды. Осы бағыт­пен қозға­лып келе жатқанда, жасақ сапынан адасып қалған Ұлттық ұлан­ның мер­зім­ді қызметінің «Оңтүс­тік» Өңірлік қолбасшылығы № 6654 әскери бөлімшесінің әскери қыз­мет­ші­лері Н.Алтынбеков және Е.Ал­дашевты кездестіріп, олардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етті. Құрама жасақ коман­ди­рі, полиция полковнигі Серік Кенен­баевтың тапсырмасымен екі сарбаз күзетке алынып, олардың аман-есендігі жайындағы ақпарат әскери бөлімінің басшылығына баяндалды. Кейіннен жағдай тұрақталған соң ата-аналарына балаларының амандығы хабарланып, әскери бөлімшеге жеткізілді.

Осындай қауырт кезеңде ми­нис­тр­дің тапсырмасымен Алматы қала­­­­­с­ы­­­ның штабынан жедел нұс­қау түс­ті. Сол мезетте академия бас­шы­­сы ре­тінде дереу тапсырма беріп, полиция полковнигі Серік Кенен­баев­тың бас­қа­руымен академия қыз­мет­кер­ле­рі мен №2 факультеттің тыңдау­шыларынан жасақталған құ­рама жасақ министрліктің резерв­тегі әскерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақ­са­тында Қарасай батыр мен Масан­шы көшелерінің қиылысында орна­лас­қан Алматы қала­лық полиция депар­таментіне қосым­ша күш ретінде көмек­ке келді. Бұл асқан ерлік пен жедел әрекеттердің нәтижесінде болып жатты.

Бұл күндері академияның құрама жасағы үшін Алматы қаласы полиция департаментіне жасалған шабуылды құрықтау оңайға соққан жоқ. Тәулік бойы Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлерімен бірге департаментті басып алу мақсатында шабуыл жасаған бүлікшілердің әре­кетіне қарсы тойтарыс берілді.

Департаменттің ішкі ауласын, қыз­меттік автокөліктерді, тауарлық-материалдық құндылықтарды қорғау, қорғаушы күштерге қару-жарақтарды жасақтау және жеткізумен қатар ша­буылдарды, арандатуларды және басқа да қоғам қауіпсіздігіне қарсы ба­р­лық іс-қимылдарды бақылауға ал­дық. Осылайша, жеке құрам қауіп­сіздік­ті сақтай отырып, жеке бастары­на төнген қауіпке қарамастан, бір­не­­ше рет бүлікшілер тарапынан Поли­ция департаменті қақпасын бұзып өту әрекеттеріне қарсы тұрды.

Академия құрама жасақ офицерлері ерліктің, бірліктің арқасында төтенше жағдайға дайын әрі өз міндеттерін қалтқысыз орындауға әзір екендерін көрсетті. Осы күндерде орын алған төтенше жағдай кезінде ІІМ Алматы академиясының қызметкерлері мен №2 факультет тыңдаушылары нақты іс-қимылдарға барып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.

Сондай-ақ өздеріңізге белгілі ҰҚК Шекара академиясы мен әскери клиникалық госпитальға содырлар шабуыл жасаған кезде соның жанындағы Алматы академиясының Назарбаев, 262 даңғылындағы №2 аумағына да шабуыл жасалды. Алайда ол аумаққа полиция полковнигі Талғат Беркинбаев бастаған академия жасағы төтеп беріп, қарсы тұрды. Бұл өз қызметіне адал, антына берік болған жоғары кәсібилікті, әрі батырлықты танытқан ержүрек азаматтардың ісі.

Жедел қызметтік тапсырмаларды қалтқысыз орындап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ІІМ Алматы академиясының құрама жасағы толық құрамда, арнайы жабдықтар мен қызметтік көліктің қауіпсіздігін жауапкершіліктеріне ала отырып, академия аумағына аман-есен оралды.

Офицерлер үшін тынымсыз түн­дер мен күндер әлі аяқталған жоқ. Казар­ма­лық режімде әлі де қарауыл­дап, жасақ­пен ел қауіпсіздігі үшін қызметті жалғас­тыруда. Содырлар тарапынан болуы мүмкін шабуылдар қаупі әлі сейіл­мей тұр. Деструктивті әрекеттердің ал­­дын алып, мемлекет мүлкін талан-та­р­аж­ға салу мен қиратуға жол бермеу мақ­са­тында академия офицерлері күзет қи­мыл­­дарын күшейтіп, беріктік танытуда.

Осындай қиын-қыстау кезеңде ел болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі Мемлекет басшысының мойнында. Ал дәл қазір әр азамат­тың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіп­сіздігінің жалғыз кепілі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың саясатын академияның жеке құ­ра­мы бүгінгі жағдайда толық қолдай­ды. 

 

Айдар САЙТБЕКОВ,

ІІМ М.Есболатов атындағы

Алматы  академиясының бастығы,

полиция полковнигі

 

АЛМАТЫ