• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 13 Қаңтар, 2022

Мысырда гран-при жеңіп алды

500 рет
көрсетілді

Өмірдің қызығы мен шыжығы қатар жүреді емес пе, елімізде «Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда» Мысырдан Петропавлға қуанышты хабар жетті. Осындағы Хургада қаласында өткен «Мысыр – шоу әлемінде күн мекені» атты І халықаралық фестиваль-конкурста С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының Sensitive би ансамблі Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Sensitive (Сезімділер) бал билері ансамблінің өзін­дік ерекшелігі бар. Ол есту қабілеті төмен балалардың Петропавлдағы мектеп-интернатында 2006 жылы құрылған. Адамдардың бір мүшесі кем болса басқа ағзаның қабілеті артады деген қағида ежелден бар. Мұндағы жастардың биге қабілеті зор болуы мүмкін екенін шамалаған Қызылжардағы Е.Серкебаев атындағы өнерде дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының би маманы Ольга Ростовщикова келіп, осында би ансамблін құрған. Маманның болжамы ұзамай ақталып, Е.Воропаева, А.Сайынова, Д.Қанғожин, А.Радица, М.Новикова, Е.Кузьмин, Е.Чуб, П.Ткаченко секілді жас­тар биге икемділік танытып, жақсы жетістіктерге жете бастаған. О.Ростовщикова да оларға 15 жылдан бері бидің кәсіби қыр-сырларын үйретіп келеді. Ансамбль 2017 жылы «Шапағат» медалімен марапатталды.

2012-2013, 2017-2018 оқу жылдарында Ольга Нико­лаевна «Креативтілігі және шығармашылығы үшін» диплом­дарын алған. Ансамбльдің репертуары да жаңғыр­тылып, оған латынамерикалық, еуропалық және осы заманғы хореографиялық жаңа нақыштар енгізіліп тұрады. Қазір ансамбль облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарға қатысып жүрген есту қабілеті төмен адамдардан тұратын жалғыз республикалық ұжым. Осы жылдарда Sensitive республикалық «Жұлдызай» конкурсының үш дүркін жеңімпазы атанып басқа конкурстардан 6 Гран-при, 18 рет бірінші орынды жеңіп алды.

Жастары мектеп түлектері қатарынан асып кеткен соң ұжым мүшелерін таратпай, былтыр облыс әкімінің шешімімен ансамбль есту қабілеті төмен балалардың мектеп-интернатынан С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына қосылған. Міне, енді ансамбль жаңа ұжымына халықаралық деңгейде олжа салып отыр. Талантты ұжым мүшелерін Мысырға қазақ театрының әртісі, режиссердің көмекшісі Айбол Қасым бастап барған еді. Сапар сәтті болып, би ұжымы облыс қана емес еліміз үшін үлкен табысқа қол жеткізіп отыр. Жеңістеріңіз жеңіске ұлассын дейміз біз де...

 

Солтүстік Қазақстан облысы