Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатына қазақстандық спортшылар қатыспайды. Бұл туралы команданың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҰОК-ке сілтеме жасап.
«Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жоспарланған оқу-жаттығу жиындарын кейінге қалдырдық. Нақтылап айтар болсам, жиын ақпан айында басталады. Ал 20 қаңтар күні Ташкентте басталатын 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия біріншілігіне де бармаймыз. Өйткені, елдегі тәртіпсіздіктерге байланысты елден шығуға рұқсат жоқ.
Мұндай қиын кезеңде біз бірігіп, ауызбіршілік танытуымыз қажет. Қазір жаттығу жиындары да, жарыстар да тоқтап тұр. Дегенмен, келесі айдан бастап барлық жоспарымыз уақытылы орындалады деп сенеміз», дейді Қайрат Сәтжанов.
Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты 20-30 қаңтар аралығында өтеді.