Жаңа жылдың басында мұндай әбігерге түсеміз деп ойлаппыз ба?!
...Жаңа жылды отбасымен Алатау баурайынан қарсы алмақ ойымыз орындалды, әрине. Бірақ қайтуымыз қиынға түсті. Әңгіме онда тұрған жоқ. Жол қиындығы болары түсінікті. Әйткенмен, әкім-қарадан емес, өзіміз сияқты қарапайым адамдардың ішіндегі кісәпірліктің сан түріне куә болып, түрлі ойға беріліп оралдық осы сапардан...
Қалың бұқараның үніне құлақ асқан биліктің талап-тілекті жүзеге асырғанынша төзімсіздік танытып, оның үстіне «қарпып қалмақ» ниетпен жүрген пысықайлар бар пәлені үкіметке үйіп-төгіп жатты: «Бәріне билік кінәлі. Теледидардан айтып жатқанының бәрі өтірік...»
Атам қазақ білмесе айтпас еді-ау: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп. Жоқ, біздің халық, соның ішінде өзіміздің қаракөздер – арандатушылар ұйымдастырған бүлік кезінде ашкөздік танытып жатқан. Естігеніміз емес – көргеніміз!..
«Темір жол вокзалының қасындағы қонақүйдің төменгі қабатындағы асханасының сатушысы қазақ әйелден бес балама 5 тілім нанды 300 теңгеге сатып алдым» деп, көзі мөлт-мөлт еткен ақтаулық келіншектің әңгімесіне аса ден қоймап едік. Вокзалдың алдына шыға бергенде: «Алматыдан Нұр-Сұлтан арқылы Атырауға дейін «Спринтермен» адам басына 150 мың теңге» деді қырмасақал қазақ. Бет-аузы бүлк етсе бұйырмасын?! «Астапыралла» деп жағамызды ұстадық та, кете бардық.
Енді бір айналып келсек, тағы бір орта жастағы қазақ жігіті:
– Нұр-Сұлтанға дейін адам басына 40 мың теңгеге минивэн бар, – деді.
– Неше шақырым?..
Әдейі қойылған сұрақ қой...
– 1 200 километр!..
Шыдамадық...
– Қосағасы, сонша құнығып не көрінді?! Кешегі күллі қазақтың қытығына тиген осы қымбатшылық еді ғой. Әлеуметтік желінің кесірінен әмияндағы ақшасын ала алмай жүрген біреу дәл осы жерде бет-аузыңды тегістеп кетсе, обалың өзіңе болмас па?!
Түсінді ме, жоқ па, жымсиған көзін күлімдеткен болып:
– Әрі қарай Атырауға жету оңай ғой, – деп ақталғансыды.
Ол ол ма, «Алматы-2» темір жол вокзалындағы ішіне ет салған бауырсақтың (беляш) құны – 250 теңге. Келісі емес, бір штугі...
Міне, ашкөздіктің көкесі!..
Міне, халықтың көз жасынан ақша жасаудың айқын көрінісі!..
...Біз ойладық: «бұ қазақ шіркінге не болған, өлімді жерде семірер молда құсап...»
Көкейін қу дүние тескен дүниеқоңыздық ешқашан ұшпаққа шығармаған. Алматыда бүлікшіл топ қиратқан сауда орындарын тонап жүрген де қаракөздер. Ең сорақысы – арасында әйелдер де бар. Мұнысы енді ашығу емес, көзіне дүниенің, ақшаның қаны құйылғандық. Одан басқа теңеу жоқ!..
Иен жатқан кең жазираның әр түкпірінде осы кезге дейін маңдай терлетіп жүрген адамның аштан өлгені жоқ. Әйтпесе, жұмыссыздық қысқан жан «жалақым 200 мың теңгеден төмен болмасын» деп талап қоймас еді-ау.
Әрине, қымбатшылық болды. Рас жағдай.
Ал сол үшін мұң-мұқтаж, талап-тілегін айтпақ болған бейбіт жолмен митингіге шыққандардан, яғни қалың бұқарадан да өздерінің мақсат-мүддесін жоғары қойған ашкөз тобыр мен сойқан содырлардың іс-әрекетін ешқандай сылтау-себеппен ақтап алуға келмейді. Бұл – бүлікшіл пиғыл.
Сөзі жүретін біреу хакім Абайдан сұрапты: «Жарысу деген не?» деп. Сонда данышпан ашық тұрған есіктен көкжиекке көз жібере ойланып отырып: «Жарысу – менен неге озды деп етектен тарту емес, менен неге озды деп өзін өзі қамшылау, намысын жану» деген екен.
Біз тұрмысымызды түзеуді де жанның жайлылығымен емес, тек ақшаның көзімен ғана түсінеді екенбіз.
Кешегі бірнеше күндік дүрбелең кезіндегі көзапара келеңсіздік, ашкөздік пен қасақана пайдакүнемдікті көріп тұрып, осындай ойға бекінуге мәжбүр болдық.
Оқымаған ата-бабамыздың айтпаған сөзі бар ма?! «Тозақты көрмеген жұмаққа мұрнын шүйіреді» демекші, халқымыз өз басына шаңырақ көтеріп, дербес басшысын сайлап, тозған елді алтын діңгек – атамекенге жинап жатқан азат та абат заманымызда жүректі би ете отырып сүйінуге тиіспіз.
Ойымызды бұрынғыдан қалған тағы бір кәделі сөзбен қорытсақ, «Ханы қазылы, қарашасы қауметті болса, қара жерден кеме жүргізеді» дегендей, Меккедей мекеніміз – Қазақстанның ертеңі еркін, ұлтымыздың мерейі үстем болғай!
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі