• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қаңтар, 2022

Әлемдік дзюдоның даму барысы қалай?

222 рет
көрсетілді

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 2021 жылдың қорытынды рейтингін жариялады. Бүгінгі таңдағы әлемнің ең үздік 10 татами шеберлері қатарына Қазақстанның үш бірдей өрені еніп отыр. 60 кило салмақта белдесетін Ғұсман Қырғызбаев 9-орынды иеленсе, Елдос Сметов одан бір сатыға ғана төмен тұр.

 

Былтыр қос қандасымыз үшін де табысты болды. Атап айтсақ, Ғұсман Будапештте өткен әлем чемпионатында күміс медальды олжаласа, Елдос Токиода алауы тұтанған Олимпия ойын­дарында қола жүлдені еншіледі. Десек те жерлес­теріміздің арасындағы ең үздік нәтиже Жансай Смағұловқа тиесілі. 73 кило салмақта күш сынасып жүрген қазақ балуаны 8-орынға тұрақтады.

Ал «Қазіргі кезде қай мемлекеттің қар­қыны күшті?» деген саулға келер болсақ, ең бірінші кезекте Ресей мен Грузия дзюдошыларын атап өткен жөн. Бүгінде ресейліктер арасынан 100 кило салмақтағы Арман Адамян мен +100 кило салмақтағы Тамерлан Ба­шаев алдына жан салмаса, грузиялықтар қата­­рында 73 кило салмақтағы Лаша Шав­датуашвили мен 81 кило салмақтағы Тато Гри­галашвили шашаларына шаң жұқ­тыра­тын емес. Сондай-ақ әлемдік рейтингте көш бас­тап тұрғандар қатарында тайпейлік Янг Юн Вей (60 кило), кореялық Ан Баул (66 кило) және өзбекстандық Давлат Бобонов (90 кило) бар.

«ТОП-10» дзюдошылардың тізіміне зер сал­­сақ та, жоғарыда аталған қос елдің өрен­дері­нің өзге­лерден көші ілгері екенін аңғару қи­ын емес. Ре­сейде Арман Адамян мен Тамер­лан Ба­шаевтан бөлек, Яго Абулазде (60 кило, 2-орын), Инал Тасоев (+100 кило, 3-орын), Ра­ма­­зан Аб­доллаев (60 кило, 7-орын), Якуб Ша­ми­­лов (66 кило, 8-орын), Алан Хубецов (81 кило, 8-орын) және Махатбек Мах­матбеков (73 кило, 10-орын) пен Михаил Иголь­ников (90 кило, 10-орын) озық ондықтың санатын­да. Гру­з­ияда Лаша Шавдатуашвили мен Тато Гри­га­лаш­вилиден бөлек, Важа Маргвелашвили (66 кило, 2-орын), Лаша Бекаури (90 кило, 4-орын), Вар­лам Лапертелиани (100 кило, 4-орын), Гела Заа­лишвили (+100 кило, 4-орын), Гурам Тушиш­вили (+100 кило, 6-орын), Бека Гви­ниашвили (90 кило, 9-орын) және Илия Сул­манидзе (100 кило, 9-орын) сол межеден кө­рінді. Яғни әрқайсысының 9 өкілі үздіктер сана­тында.

Жапония құрамасының да қарқыны жаман емес. Күншығыс елінің бірде-бір өкілі әлемдік рейтингте көш бастамағанымен, есесіне жетеуі «ТОП-10» балуанның қатарында. Олар – Нао­хиса Такато (60 кило, 3-орын), Хифуми Абе (66 кило, 4-орын), Кокоро Кагеура (+100 кило, 5-орын), Аарон Вольф (100 кило, 7-орын), Кен­та На­гасава (90 кило, 9-орын), Сойши Хаши­мо­то (73 кило, 6-орын) және Шохей Оно (73 кило, 9-орын).

Әрине, олардың бұл табысына еш таңдануға болмайды. Себебі бұл мемлекеттердің дзюдо­шыларының барлығы да халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Мәсе­лен, былтыр Токио Олимпиадасында жа­пон жігіттері 5 алтын алып, жергілікті жанкүйер­лер­ді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Алақандай Гүржі елінің қырандары 1 алтын мен 3 күмісті қан­жығаларына байласа, ресейліктер екі қоланы қоржынға салды.

Олимпия ойындарының алдында ғана жалауы желбіреген Будапешттегі әлем чем­пио­натындағы аталған командалардың көр­сеткіштері мынадай: Жапония – 2 алтын мен 1 қола; Грузия – 1 алтын, 1 күміс және 2 қола; Ресей – 1 алтын, 1 күміс және 1 қола.

Сондай-ақ әлемдік рейтингтің үздік онды­ғына мына елдердің татами шеберлері еніп отыр: Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан – 4, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Моңғолия – 3, Франция, Молдова, Италия, Швеция, Нидер­ланд – 2, Тайпей, Беларусь, Түркия, Аустрия, Испания, Мажарстан, Германия, Португалия, Канада, Израиль, Бразилия, Чехия, Тәжікстан және Украина – 1.

Қазақстан құрама командасы мүшелерінің үшеуі «ТОП-10» дзюдошы қатарында екенін жоғарыда айттық. Өкінішке қарай, өзге жер­лестеріміз өз жанкүйерлерін өрелі өнері­мен қуанта алмай жүр. Мәселен, осы күнге дейін татамиге шығып жүргендер арасынан Ислам Бозбаев (90 кило) – 18, Ерлан Серікжанов (66 кило) – 22, Дидар Хамза (81 кило) – 32, Ер­асыл Қажыбаев (+100 кило) – 33 және Айбек Серікбай 64-орындарды қанағат тұтуда.

Республикалық федерацияның басшылары мен ұлттық құрама бапкерлері алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аударады деп үміт­тене­­міз.