• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 14 Қаңтар, 2022

Тәртіп күшейсе, күмән сейіледі

200 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай тәртібіне бағынған Қарағанды облысында шектен шыққан оқиғалар әзірге байқала қойған жоқ. Өндірісті өңірде өмір өзені өзінің қалыпты арнасымен ағып жатыр деуге негіз бар.

Өзіңдікін алмай өсу жоқ

Қарағанды облысындағы алпауыт кәсіпорындар жергілікті қамтудың көрсеткіштері бойын­ша өткен жылды жаман қоры­тындыламапты. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясында сатып алудағы қа­зақстандық қамту 72%-ды құраса, «Қазақмыс» кәсіпорнында ол меже 50%-ға жеткен. Аталған кәсіпорындар жергілікті әкімдік­пен екі жыл бірлесе жұмыс істе­ген уақыт ішінде сатып алу­лар бойынша отандық тауарлар­дың үлесін ұлғайтып қана қой­май, жеткізушілер тізімін де кеңейту үстінде екен. Мұны жер­гілікті қамтуды дамыту бойын­ша ынтымақтастықтың қо­рытындылары туралы өнер­кәсіпшілер мен жер­гі­лік­ті өн­дірушілердің қатысуы­мен өткен онлайн-кездесуде өңір басшысы Жеңіс Қасым­бек те қуаттады. Облыс­тық өнер­кәсіп және ин­дустрия­лық-инновациялық да­му басқар­масының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков жергілікті өндірушілердің шикізаттық емес тауарлар көлемін арттыруға баса назар аударғанын айтады.

– Жергілікті қамту үлесін арттыру үшін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен бірлесіп меморандумға қол қойдық. Оған Қарағанды облысының 44 тауар өндірушісі енгізілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұндай сатып алу көлемі 34,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2,9 млрд теңгеге артық немесе 2020 жылмен салыстырғанда 9,3%-ға өсті. «Қазақмыс» бойынша бұл сома 96,3 млрд теңгені құрады. Жергілікті тауарлардың үлесі екі акционерлік қоғамда да өсті, – деп мәлімдеді ол.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті компаниялардың ашық сипатта жұмыс істей бастағанын атап өтті.

– Бүгінде оң өзгерісті бай­қауға болады: қазақстандық жә­не жергілікті қамтудың өсуі жүріп жатыр. Компаниялар ашық бола бастады. Осы орайда біз қарағандылық кәсіпорындардың өнімдері сұранысқа ие болуына мүдделіміз. Біз «баға – сапаның» тең жағдайында сіздер жергілікті тауарларды сатып алуларыңыз керек деп есептейміз. Осындай форматта кездесуді жалғастыра береміз және толғағы жеткен мәселелерді бірігіп шешеміз, – деді ол.

Бұл ретте компания өкілдері 2022 жылға арналған сатып алу жоспарларын таяу арада ұсынатындықтарын айтып, уәде берді. Яғни олар алдағы 1 ақпанға дейін «Қазақстандық қамту» интернет-порталында орналастырылады. Облыс әкімі Қарағанды өңірінің тауар өндірушілерін қолдау және жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыстың ұдайы бақылауда болатынын айтты.

Тәртіпсіздерді тәубесіне келтіреді

Өңірде төтенше жағдай ре­жімі және оған байланысты бір­қатар шектеулер шараларын бұзушылар азаймай тұр. Бүгінде енгізілген тәртіп пен ере­жені бұзған тұрғындарға қатысты 680 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 69 адам әкімшілік қамауға алынып, 26 бұзушыға айыппұл салынған. Ал 525 тұрғын ескертумен құтылыпты. Облыстық по­лиция департаментінің мәлі­метінше, өткен тәулікте өңірде 34 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген екен. Полиция қыз­меткерлері олардың 19-ын ізін суытпай ашыпты. Атап айт­қанда, тыйым салынған 45 зат тәркіленген. Оның ішінде 18 дана тегіс ұңғылы қару бар. Сон­д­ай-ақ есірткі заттарын сақтаудың 9 фактісі анықталған. Шетелдік 6 азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартылды.

– Полиция департаменті тұрғындарды төтенше жағдай режімін бұзбауға шақырады және полицейлердің жұмысына түсіністікпен қарайтын азамат­тарға алғыс білдіреді, – дейді Қарағанды облысының коменданты, жергілікті полиция депар­таментінің басшысы Ерлан Файзуллин.

«Омикрон» омырауламасын десек...

Қарағанды облысында эпи­демиялық ахуал аяқастынан нашарлап кетті. Мәсе­лен, өткен тәулікте өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 669 жаңа оқиғасы тіркелді. Осыған сәйкес, облыс кешегі күн­нен бастап «қызыл аймаққа» ауысты. Медициналық және фар­мацевтикалық бақылау комите­тінің Қарағанды облысы бойын­ша департаментінің ұжымы өздері бас болып, жұмыс орнында қайта вакциналау іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл істе оларға облыс орталығындағы №1 көпсалалы аурухананың мобильді егу тобы көмектесті. Қарағанды облысы бойынша МФКД басшысы Ольга Смирнова мұндай қадамға тұрғындарға үлгі көрсету мақсатында барғандарын айтады.

 – Департамент әкімшілігі өткен жылдың желтоқсан айында ревакциналаудан сәтті өткен болатын. Ал бүгін бү­кіл ұжым басшылықтың бас­та­ма­сын қолдады. Жалпы, қыз­мет­керлеріміз өткен жылы алғаш­қылардың бірі болып екпе алған еді. Енді вирустың жаңа штамының қаупін және антиденелердің әсер ету мерзімін ескере отырып, алғашқылардың бірі болып ревакциналаудан өтті. Барлығымыз өз тәжірибемізде COVID-19-ға қарсы осындай алдын алу шарасының тиімділігіне көз жеткіздік. Енді өзімізді қор­ғап, жақындарымызды аурудың жаңа штамдарынан қорғағымыз келеді, – деді О.Смирнова.

Қарағанды облыстық сан­э­пидбақылау департаментінің мәліметіне сай, шектеу шараларын қатаңдату «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» өткен соң, бес күннен кейін жүргізілетінін хабарлады. Яғни «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» өту осы мерзім біткеннен кейін жүзеге асырылады.

 

Қарағанды облысы