• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Теннис 14 Қаңтар, 2022

Жаңа жылдағы жаңа белес

211 рет
көрсетілді

Таяуда Аустралияның Аделаида қаласында аяқталған жүлде қоры 703 580 АҚШ долларын құрайтын WTA 500 турнирінде Елена Рыбакина финалға дейін жетіп, шешуші тұста әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиден ұтылған еді. Финалға шыққан табысының арқасында жерлесіміз дүниежүзілік рейтингте 13-орынға көтерілді. Осылайша ол бұрын-соңды Қазақстанның бірде-бір теннисшісіне бағынбаған белестің биігінен көрінді.

Ұзақ уақыт бойы халықаралық аренада Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен және көрсетіп жүрген теннисшілердің дені Ресей тумалары екені баршаға мәлім. Солардың арасынан Ярослава Шведованы бөле-жара атауға болады. 34 жастағы Мәскеудің тума­сы кезінде Ролан Гаррос (2010, 2012) пен Уимблдонның (2016) ширек финалына дейін жетті. Осы табысының арқасында 2012 жылы WTA рей­тингінде 25-орынға көтерілді. Елена Рыба­кина қарқынын кү­шейт­кенге дейін қазақстандық тен­нисшілер арасындағы ең үздік нәтиже осы еді. Одан бөлек, жұптық сайыста Шведова Уимблдон (2016) мен АҚШ-тың ашық біріншілігінің (2010) бас жүлдесін олжалап, Ролан Гарростың (2015) финалында ойнады. Бұл рекордтардың күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұр.

2017 жылы нәрестелі болған Ярослава біраз уақыт сүйікті ісі­нен қол үзіп қалды. Біраз уақыт баласын бақты, сонымен қоса ескі жарақаттарын емдеді. Арада үш жыл өткен соң кортқа қайта оралды. Бірақ ол бұрынғы бабына қайта келе алмады. Ортаңқол жарыстардың өзінде жеңіске жету оған оңайға соқпады. Содан Шве­дова былтырғы жылдың соңында карьерасын аяқтайтыны жайында ресми түрде мәлімдеді.

Спорттық мансабын аяқта­ған­дар арасында Сесил Каратан­чева мен Галина Воскобоева өз за­манында тәуір ойнады. Олар­дың бірі Болгариядан келсе, екіншісі Ресейден қоныс аударды. Жалындап тұрған шағындағы Каратанчеваның ең үздік көрсет­кіші – 35-орын (2005), Воско­бое­ва­ның жеткен межесі – 42-саты (2012).

Бұл күндері өнер көрсетіп жүр­ген қыздардың арасынан Юлия Путинцева мен Зарина Диас ара-тұра елеулі табыстарға қол жет­кізіп жүр. Қазіргі кезде үздіктер тізімінде 42-орынға табан тіреген Путинцева 2017 жылы 27-сатыға дейін көтерілді. Оның «Үлкен дулыға» санатындағы турнир­лердегі нәтижелері де жа­ман емес. Мәскеудің тумасы Ролан Гарростың екі рет (2016, 2018) және АҚШ-тың ашық біріншілігінің бір мәрте (2020) ширек финалында күш сынасты. Озық 100 ойыншының тізі­мін маңайлап жүрген Диас бір кездері 31-орынды еншілеген еді. Ол Уимблдон жарысының төрт рет (2014, 2015, 2020, 2021) төртінші кезеңіне дейін жеткенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.

Ерлер арасында бірер жыл Андрей Голубев пен Михаил Кукуш­кин өз көрермендерін қуан­­тып келді. Алғашқысы 2010 жылы АТР тізімінде 33-са­тыға табан тіресе, екін­шісі 2019 жылы 39-орынды ие­лен­ді. Салыс­тырмалы түрде алсақ, «Үл­­кен дулыға» додаларын­да Го­лу­­бевке қарағанда Кукуш­кин­­­нің көрсеткіші жақсы­рақ бол­­ды. Михаил Аустралияның ашық біріншілігі (2019) мен Уим­блдонның (2019) төртінші кезе­ңіне дейін жетті. Ал Андрей еш­уақытта аталған жарыстардың екінші айналымынан аспаған. Соған қарамастан, Дэвис кубогында Қазақстан құрамасының мықтылар санатына қосылуына қос жерлесіміз сүбелі үлес қос­қанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Дәл қазіргі кезде 24 жастағы Александр Бубликтің қарқыны қуантады. Нева жағалауынан келген спортшының Қазақстанның азаматтығын алғанына алты жыл­ға жуықтады. Әлі буыны беки қойма­ған бозбаланың мықты теннисші болып қалыптасуына біздің елде барлық жағдай жасалды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Бүгінгі таңда Бубликпен сақа спорт­шылардың өздері санасады. Был­тыр күзде ол АТР рей­тингінде 34-орынға дейін көтерілді. Ал қазір Александр сол биігінен небәрі үш саты ғана тө­мендеді.

Қазақстан теннисі жайында әңгіме қозғағанда, Елена Лихов­цеваға тоқталмай кетуге болмайды. 1975 жылы Алматыда туып-өскен отандасымыз 1999 жылы әлем­дік рейтингте 15-орынға жай­­ғасты. Кезінде ол Ролан Гар­рос­тың жартылай (2005) және Аус­тралияның ашық біріншілігі (2000) мен Уимблдонның (2002) ширек финалдарында ойнады. Бірақ бұл жетістіктерінің бар­лығына Лиховцева Ресейдің сапында өнер көрсеткен уақытта қол жеткізді. Сондықтан да атал­ған ойыншының табыстары Қазақ­станға тиесілі емес.

Ал бүгінгі таңда өрелі өнері­мен көзге түсіп жүрген Елена Ры­бакинаға келер болсақ, ол 1999 жылы Мәскеуде туды. Жер­гілікті федерация тарапынан көңіл­дегідей қолдау таппағаннан кейін 2018 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Сол кезден бері оның спорттық карьерасында өрлеу кезеңі басталды. Әлемдік рейтингте 191-орында тұрған Рыбакинаның көр­­сеткіші уақыт озған сайын жақсара түсті. Былтыр ол Мель­бурндегі жарыстың үшінші кезе­­ңіне шықса, биыл Уимбл­дон­ның төртінші айналымына жетіп, Ролан Гарростың ширек фина­лында шеберлік байқасты. WTA турнирлерін екі рет ұтты. Былтыр Токио Олимпиадасында төртінші орынға табан тіреді. Соның арқасында Елена бүгінгі таңда әлемнің 13-ракеткасы атанып отыр. Тағы да қайталап айтамыз, бұл – әзірге қазақстандық теннисшілер арасындағы ең зор көрсеткіш!