• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Құндылықтарымыз – табыстарымыздың алғышарты

256 рет
көрсетілді

«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасында әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын талқылады. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиялық құжатының негізгі ережелерін түсіндіру үшін Қарағанды гарнизонына Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы келді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, полковник Мұхамеджан Таласов «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің командирлерімен, олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен кездесті. Сондай-ақ, аталған шараға гарнизонның әскери полиция бөлімінің бастығы, облыстық әскери-техникалық мектептің басшылары және Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы қатысты. Командирлер әскери қызметшілердің жас буынына жаңадан құрылған әскери-техникалық мектептер мен әскери-патриоттық тәрбие орталықтары арқылы патриоттық тәрбие беру мәселелерін талқылады. – Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы халыққа Жолдауында Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізін нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Жалпы, құнды­лықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік, деп Президент атап өткендей, біздің алдымызда Отанына шын берілген болашақ офицерлерді тәрбиелеу тапсырмасы тұр, – деді ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары. Қарағанды гарнизоны әскери бөлімдерінің басшылық құрамымен кездесу барысында  Қарулы Күштердегі әскери тәртіпті нығайту мәселелері де қаралды. «Егемен-ақпарат».