Қызылорда өңірінде жұмысқа жарамды 3316 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соның 593-і халықты жұмыспен қамту орталықтарына «екі қолға бір күрек» сұрап хабарласқан. Өтініш білдіргендердің 172-сі тұрақты жұмысқа орналасса, 208-і қоғамдық жұмыстарға, 43-і кәсіптік оқытуға, 19-ы жастар тәжірибесіне, 38-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліпті.
Ақпаннан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өткізіле бастады. Алғашқысы Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданында ұйымдастырылды. 48 адамға тұрақты жұмысқа жолдама берілді.
Он екі мүшесі түгел емес жандардың мамандығы жоқтығы да жұмысқа орналасуларына кері әсер етуде. Алдағы уақытта бұл мәселе де басты назарда болады. Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін 17 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. «Жол картасы» аясында Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдызы» балабақшасы мен №11 мектепте құлағы нашар еститін балаларға инклюзивті топ пен сынып ашылатын болады.
«Егемен-ақпарат».