Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 18 адам эвакуацияланды, деп жазады Egemen.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 қаңтарда сағат 20.30 шамасында Шәкәрім даңғылындағы 4 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шықты.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келген кезде подъез ішін көк түтін басқан. Олар қауіпсіздік мақсатында 18 тұрғынды, оның ішінде 6 баланы дереу эвакуациялады. Денесін күйік шалған 63 жастағы үй иесі мен оның уланған 37 жастағы қызы ауруханаға жатқызылды. Көп ұзамай ТЖД қызметкерлері жалпы ауданы 8 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын толықтай ауыздықталды», делінген ақпаратта.
Тілсіз жауды өшіруге жеке құрамнан 18 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі темекі шегу кезінде сақтық шараларын сақтамаудан болуы ықтимал.