Дуальді оқыту әдісі әлемдік тәжірибеде бар: яғни, студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Бұл әдіс Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде жүзеге асуда.
Мысалы, Германияда кәсіптік мектеп оқушысы бір аптаның 3,5 күнінде өндірісте, ал қалған 1,5 күнде оқу орындарында теориялық білім алады екен.
Елбасы биылғы Жолдауында: «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді» деді. Бұл бастама арқылы еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальді оқыту әдісі қосылды.
Бұл күндері облыс орталығындағы «Химиялық-механикалық колледждің» 3-ші курсында оқитын 44 студент кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Студенттерге 20 мың теңге стипендия төленеді. Жауапты тәжірибелі жетекшілер бекітілген. Өндірістегі оқу-тәжірибелерін бітірген соң, колледж түлектері өңірдегі өндірістік кәсіпорындарда жұмысқа орналаса алады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бақытжан Ілиясованың айтуынша, еліміздің заңнамалық құжаттарында студенттерді кәсіпорындарға өндірістік тәжірибеге қабылдау бойынша келісімшарттың арнайы бекітілген құқықтық нұсқасы жоқ көрінеді. Яғни, елімізде дуальді оқыту жүйесінің жалпы негізін құру қажет. Мемлекет, жұмыс беруші және оқу орындары арасындағы талаптар, қағидаттар керек. Кәсіпорындарға студенттерді оқытқаны үшін салықтық жеңілдіктер де қарастырылса, қанеки. Яғни, колледж түлегінен бұрын оқу орындары мен кәсіпорын басшылары жаңашылдыққа үйренуді – дуальді оқытудың тиімділігін қолдауды, қолға алынған қанатқақты жобаның шынайы жобаға айналып, қажеттілігін дәлелдеп беруді алдымен өздерінен бастаулары керек. Екіжақты жұмыс жүргізудің құқықтық негіздерін қолға алса ғана нақты жұмыс жүретіні белгілі.
– Өйткені, білім беру жүйесі күн өткен сайын алға басуда. Өндіріске жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Ал дуальді оқыту жүйесінің қатысушылары осы талап үдесінен шыға білуі тиіс. Оқу орындары әлеуметтік әріптестікті дамытуға ұмтылғандары маңызды, – дейді Б.Ілиясова. Яғни, колледж оқушылары тәжірибе сабақтарын өткізуі үшін өздерінде даярланатын мамандықтарға сай келетін кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы тиіс. Мысалы, дуальді білім беру жаңа жоба жүйесінде оқып шыққан алғашқы түлектер ENRC құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етуде. Яғни, осы жаңа жоба бойынша 21 жас зауытта ақылы тәжірибеден өтіп, оқуларын ары қарай өндірісте жалғастырады. Бұл жүйе студенттерге жаңа технологиялармен жұмыс жасап үйренуге, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік берді. Диплом жұмыстарын өндірістің басында қорғаған студенттер зауытқа жұмысқа қабылданды.
Ал, жобаның қалған қатысушылары оқуларын жоғары оқу орындарында жалғастыруда. Дуальді жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені, ол – дайын маман.
–Жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын боламыз. Екіншіден, мамандарды даярлауға кәсіпорындар да жауапкершілігін арттырады. Тәжірибе сабақтары теориялық сабақтардан көбірек болады. Бұл жүйе жастар үшін тиімді. Өйткені, ол теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтеді. Кәсіби білім алуға мүмкіндік береді,– дейді Ақсу колледжінің директоры Федор Кисенков.
Алдағы жылдары да колледждегі дуальді білім беру жүйесін енгізу жалғасын табады. Ал өндірістері көп шоғырланған қалаға жас білікті мамандар қажет. Зауыт хром және марганец кенін, ферроқорытпа өндіреді. Сондықтан, колледжде «Электрмен газ пісірушілер» мамандығы негіздерін дуальді жүйе бойынша оқыту басталды. Өткен жылы колледждің 90 студенті дуальді жүйенің арқасында диплом жұмыстарын «4» пен «5»-ке қорғап шықты. Сөйтіп, ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымы 38 электрмен газ пісіруші, электр монтер, токарь, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика дәнекерлеушісі мамандарымен толықты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы.