• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Жаңашылдықты қолдау – өзімізден

225 рет
көрсетілді

Дуальді оқыту әдісі әлемдік тәжірибеде бар: яғни, студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Бұл әдіс  Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде жүзеге асуда. Мысалы, Германияда кәсіптік мектеп оқушысы бір аптаның 3,5 күнінде өндірісте, ал қалған 1,5 күнде оқу орындарында теориялық білім алады екен. Елбасы биылғы Жолдауында: «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи тех­никалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді» деді. Бұл бастама арқылы еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальді оқыту әдісі қосылды. Бұл күндері облыс орталы­ғын­дағы «Химиялық-механикалық колледждің» 3-ші курсында оқи­тын 44 студент кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Студенттерге 20 мың теңге сти­пен­дия төленеді. Жауапты тәжі­ри­белі жетекшілер бекітілген. Өндірістегі оқу-тәжірибелерін бітір­ген соң, колледж түлектері өңірдегі өндірістік кәсіпорындарда жұмысқа орналаса алады. Об­лыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ба­қытжан Ілиясованың айтуын­ша, еліміздің заңнамалық құжат­тарында студенттерді кәсіп­орын­дарға өндірістік тәжіри­беге қа­былдау бойынша келісім­шарт­тың арнайы бекітілген құқықтық нұсқасы жоқ көрінеді. Яғни, елі­мізде дуальді оқыту жүйесінің жал­пы негізін құру қажет. Мем­лекет, жұмыс беруші және оқу орын­дары арасындағы талаптар, қағидаттар керек. Кәсіпорындарға студенттерді оқытқаны үшін салық­тық жеңілдіктер де қарас­ты­рылса, қанеки. Яғни, колледж түлегінен бұрын оқу орындары мен кәсіпорын басшылары жаңа­шылдыққа үйренуді – дуальді оқытудың тиімділігін қолдауды, қолға алынған қанатқақты жоба­ның шынайы жобаға айналып, қажеттілігін дәлелдеп беруді алдымен өздерінен бастаулары керек. Екіжақты жұмыс жүргізудің құқықтық негіздерін қолға алса ғана нақты жұмыс жүретіні белгілі. – Өйткені, білім беру жүйесі күн өткен сайын алға басуда. Өнді­ріс­­ке жаңа инновациялық тех­но­ло­гиялар енгізілуде. Ал дуальді оқы­ту жүйесінің қатысушылары осы талап үдесінен шыға білуі тиіс. Оқу орындары әлеуметтік әріптестікті дамытуға ұмтылғандары маңызды, – дейді Б.Ілиясова. Яғни, колледж оқушылары тәжірибе сабақтарын өткізуі үшін өздерінде даярланатын мамандықтарға сай келетін кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы тиіс. Мысалы, дуальді білім беру жаңа жоба жүйесінде оқып шыққан алғашқы түлектер ENRC құрамына кіретін «Қаз­хром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етуде. Яғни, осы жаңа жоба бойынша 21 жас зауытта ақылы тәжі­рибеден өтіп, оқуларын ары қарай өндірісте жалғастырады. Бұл жүйе студенттерге жаңа технологиялармен жұмыс жасап үйренуге, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік берді. Диплом жұмыстарын өндірістің басында қорғаған студенттер зауытқа жұмысқа қабылданды. Ал, жобаның қалған қатысу­шы­лары оқуларын жоғары оқу орындарында жалғастыруда. Дуальді жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені, ол – дайын маман. –Жұмыс берушілердің сұра­ныс­тарына, талаптарына сай кәсіп­тік-техникалық кадрлар даярлайтын боламыз. Екіншіден, мамандарды даярлауға кәсіпорындар да жауапкершілігін арттырады. Тәжірибе сабақтары теориялық сабақтардан көбірек болады. Бұл жүйе жастар үшін тиімді. Өйткені, ол теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтеді. Кәсіби білім алуға мүмкіндік береді,– дейді Ақсу колледжінің директоры Федор Кисенков. Алдағы жылдары да колледж­дегі дуальді білім беру жүйесін енгізу жалғасын табады. Ал өнді­рістері көп шоғырланған қала­ға жас білікті мамандар қажет. Зауыт хром және марга­нец кенін, ферроқорытпа өндіре­ді. Сон­дық­тан, колледжде «Электр­мен газ пісірушілер» мамандығы негіз­дерін дуальді жүйе бойынша оқыту басталды. Өткен жылы колледждің 90 студенті дуальді жүйенің арқа­сында диплом жұмыстарын «4» пен «5»-ке қорғап шықты. Сөйтіп, ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымы 38 электрмен газ пісіруші, электр монтер, токарь, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика дәнекерлеушісі мамандарымен толықты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Ақсу қаласы.