Кипр ғалымдары коронавирустың «Дельта», «Омикрон» штамдарының гибридті түрін тапқанын хабарлады. Кипр университетіндегі Биотехнология мен молекулярлы вирусология лабораториясында жұмыс істейтін бір топ ғалым оны «Дельтакрон» деп атады.
Кипр университетінің профессоры Леонтиос Кострикис «Дельтакронның» «Дельтамен» генетикалық негізі бір және сонымен бірге «Омикронға» тән мутациялары бар деген пікір айтады. «Омикронның басқа штамдардан ерекшелігі – оның геномында 30 түрлі мутация бар. Олардың ондығы аталған үлгілерде анықталды», деп түсіндірді ғалым.
Оңтүстік Африкадан келген иммунологтер «Омикронды» COVID-19 пандемиясының жедел кезеңінің аяқталуымен және белгілі бір аумаққа тән болатынымен байланыстырды.
Зерттеушілер «Омикрон» және бұрын анықталған штамдарды жұқтырған 466 пациенттің деректерін зерттеп, COVID-19 жағдайларының тек 4,5%-ы осы толқын кезінде ауруханада қайтыс болғанын анықтады. Сондай-ақ стационарда болудың орташа ұзақтығы бұрынғы 8 күннен 4 күнге, ал жансақтау бөлімдеріне жатқызылғандар саны – 4,3-тен 1 %-ға дейін қысқарды.
Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы техникалық тобының жетекшісі Мария ван Керкхове бұл жаңалықты теріске шығарды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына «Дельтакрон» деген штамның пайда болуы екіталай деген пікірін жазды. Оның ойынша, вирустан COVID-19 штамдарының комбинациясы анықталмаған, ал ғалымдардың «жаңалығы» алдыңғы түрдің ластануынан пайда болған. Ұйым ғалымдары «Генетикалық қателік лабораториялық қателікке алып келді» деген ойда.