Астана вокзалында жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, теміржол көлігінде заманауи қызмет түрлерін дамыту мақсатында электронды сату орталығы ашылды.
Электронды сату орталығы халыққа қолма-қол немесе электронды ақша және автоматтандырылған қызмет көрсету кассалары арқылы билет сатудың жаңа әдісін ұсынады. Сондай-ақ, онда жолаушылар ақпараттық тақта арқылы пойыздар кестесі мен бос орындар туралы ақпарат алып, кеңесшілердің көмегіне жүгіне алады. Жолаушыларға арнап залға жайлы орындықтар қойылған. Бейнемонитор орнатылып, ауа баптайтын және жылытатын автономды жүйе қызмет көрсетеді. Жаңа қызметтің іске қосылуы кассалардағы кезекті азайтып, жолаушылардың билет сатып алуын барынша оңайлатады деген үміт бар.
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі басты бағыт ретінде айқындалып, оған қол жеткізудің нақты тетіктері бекітілген. Электронды сату орталығы теміржолшылардың Жолдау міндеттерін орындап жатқанын айқын көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, логистикалық қызмет ауқымын кеңейту, магистральдар инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалы үдерісі мен қызмет көрсету бағытында заманауи технологияларды енгізу арқылы көлік жүйесін дамыту басты назарда.
Аталған арнайы билет сату залында 16 электронды билет кассасы орнатылған. Оған қосымша кәдуілгі он касса халыққа қызмет көрсетеді. «Біздің бұл технологияны енгізудегі мақсатымыз – жолаушылардың тез әрі жайлы жағдайда билет сатып алуын қамтамасыз ету», деді электронды сату залының ашылу салтанатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Ермек Төлегенов. Осындай он касса Алматыда ашылады екен.
Электронды сату орталығын ашу теміржол көлігі жолаушыларына қызмет көрсетудің жаңа бір бастамасы іспеттес. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен оның еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2014 жылы электронды-сандық пішінде интернет-ресурс арқылы билеттерді ресімдеу технологиясын енгізу және жолаушыларды арнайы есеп құрылғылары арқылы тіркеп, пойыздарға отырғызу әдісін толықтай енгізуді жоспарлап отыр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».