• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Денсаулықты қорғау жолында

424 рет
көрсетілді

Елбасының үстіміздегі жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселесіне басты басымдық берілгені мәлім. Жалпы алғанда, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін орнықтыру, жоғары технологияларды енгізу арқасында күрделі операцияларды облыс орталықтарында жасау тәжірибесі қалыптасты. Сонымен бірге, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында да нақты жұмыстар атқарылып келеді. Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман САҚТАҒАНОВ жергілікті медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде әңгімелейді. Облыс медицина мекемелерінің бәсекелестік қарымын көтерудің әлеуеті зор. Дәрігерлер еліміздің үздік клиникаларында, шетелдерде біліктіліктерін арттырып жүр. Мәселен, 2013 жылы Ресейде, Беларусьте, Оңтүстік Кореяда, Литвада, Австрияда білімдерін жетілдіріп қайтты. Бұдан тысқары медицина мекемелерінің базасында оқыту модульдеріне қатысады. Денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырып отыру ұдайы назарымызда. Соңғы үш жылда көптеген озық үлгідегі техникалар сатып алынды. Мұндай бірегей жүйені жақсарту облыстық әкімдіктің қолдауымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен мемлекеттік лизингтік компания – «ҚазМедТех» АҚ арқылы мүмкін болды. Бұл орайда, алдын ала берілген тапсырысқа мұқият сараптама жүргізіліп, жете ескерілетінін айта кеткен жөн. Ол үшін жабдық көрсететін қызметтер спектрі мен сервистік қолайлылыққа баса көңіл аударылады.Сарапшылар медицина ұйымдары орындауға тиіс барлық талаптар көрсетілген тұжырымдама қорытындысын бергеннен кейін ғана техникаларды лизинг шартымен сатып алуға рұқсат алады. Лизингтік төлемдерді қайтару тетігі медициналық техниканы тиімді қолданумен қатар диагностикалық және емдік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға әсер етері сөзсіз. Былтыр «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 446 миллион 360 мың теңгеге 12 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 239 миллион 980 мың теңге жұмсалды. Бауыр ауруларын дәл әрі жедел анықтайтын аппарат пен компьютерлік томограф әкелінді. Жуырда облыстық балалар ауруханасына лизинг бойынша жаңа қондырғы орнатылды. Германиялық мультиспиралдық-компьютерлік томограф бас ми­ына, ішкі ағзаларға, сүйек-бұл­шық ет жүйесіне жан-жақты зерт­теу жүргізуге мүмкіндік бе­­реді. Жаңа жабдық 240 миллион теңге тұрады. Осындай нақ­ты шаралардың арқасында тұр­ғындарға көрсетілетін ме­дициналық қызмет түрлері кө­бейіп, сапасы да айтарлықтай жақсарды. Қазіргі уақытта мұн­дай медициналық көмекпен ал­ты медицина ұйымы айналысады. Былтыр кардиологиялық бөлімшеде 1347 коронарография, 539 стенд қойылып, ашық жүрекке 181 ота жасалды. Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары аурулары айтарлықтай кеміді. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамытудың арқасында үшінші аурухананың травматология бөлімшесінде қимыл-ті­рек жүйесінің ауруымен және жа­рақат алған науқастар арасында мүгедектік деңгейін азайту, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу мүмкін болды. 32 ем­делушінің жамбас-сан буыны толық ауыстырылды. Ірі буындарға 174 артроскопия, блок қойылатын интрамедуллярлық остеосинтез бойынша 100 операция жасалды. Облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінде глаукома, катаракта және басқа да көз ауруларына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Абдоминалдық және торакалдық хирургияда да заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Лапароскопиялық әдістер қолда­нылып жасалған операциялардан кейін қауіпті асқынуларға жол бермеуге болады. Қазіргі уақытта облыста өт шығу жолдарына жасалатын операциялардың 100, соқырішек операцияларының 65 пайызы лапароскопиялық әдістің көмегімен жасалды. Мемлекет басшысы қазақ­стандықтардың өмір сү­ру ұзақ­тығын 80 жасқа дейін арт­тыруға мүмкіндік беретін жолдарды айқындап берді. Өмір сүру ұзақтығының артуы – бұл медицинаның, экономиканың, инфрақұрылымның жақсы дамуы деген сөз. Адам денсаулығының 15-20 пайызы ғана медицинаға тәуелді екенін ескерсек, ұзақ әрі бақытты өмір сүру әркімнің өз қолында екені талассыз шындық. Жазып алған Инна КЕЛІМБЕТ. ПЕТРОПАВЛ.